Қоянды – Астана іргесінде жылдам өсіп келе жатқан елді мекен. 40 мыңға жуық халық тұратын өңірде жол мәселесі бір ізге түспей келеді. Негізгі жолдардан бөлек, ауыл арасындағы қысқа жолдардың жайы нашар. Бүгін елді мекендегі жол мәселесін әкімдік қалай шешіп жатқанын біліп қайттық, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Ақмолаға қарасты өңілерге қанша қаржы бөлінген?
2023 жылы Ақмола облысындағы аудан мен ауылдарға 18 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 25 жоба қарастырылған. Ол 22 елді мекенде іске асырылады. Биыл 17 жобаны аяқтау көзделген. Ендігі жылға 8 жоба қарастырылып отыр, - деді ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина.
Целиноград ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлімбек Бектеміров Қоянды ауылына салынатын жол құрлысының жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі таңда нақты екі жобаның сызбасы дайын. Жолдардың күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылға дейін жоспарланған. Оның құны – 8,4 млрд теңге, ұзындығы – 16,7 км.
ТОО «Ақжол құрылыс» мердігер компаниясымен арнайы келісімшарт жасалды. Былтыр жол құрылысына бөлінген 700 млн теңгедей қаржы игерілді. Қаржыға Қоядыдағы айналма жол салынды. Қазіргі уақытта Жұбанов көшесін қайта жөндеу жұмысы аяқталды, Әл-Фараби көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл жол құрылысына 995,1 млн теңге қарастырылды. Оның 965 млн теңгесі құрылыс жұмыстарына, ал қалған 30 млн теңге техникаға бөлінеді. Осы жылға бөлінген қаржыны толықтай шілденің аяғына дейін игеріп, жұмысты аяқтаймыз, - деді Әлімбек Бектеміров.
Жол құрылысына 25 техника жұмылдырылған, 36 адам жұмыс істейді. Қоянды ауылында жалпы жол ұзындығы – 145 км. Оның ішінде тек 13 км жол жөндеуден өткен. Бектеміровтың түсіндіруінше, 2024 жылға дейін 40 шақырым жуық жолға жаңа асфальт төселеді.
Сонымен қатар ол Қояндының жолын осыған дейін салып, шала аяқтап кеткен компания шығынды өтеу-өтемеуін сот шешетінін айтты.
Биыл жұмыстың жүріп жатқанын көріп жатырмыз. Бұған дейін «Қазгер» компаниясы жол салған болатын. Ол жұмысын соңына дейін аяқтамай, ісі шала болып, орта жолдан тастап кетті. Басты мақсат – Қояндыда басталған істі әрі қарай да қаржыландыру керек. Міне, осы жұмыс тоқтап қалмаса екен деген халықтың тілегі бар, - деді Қоянды ауылының жергілікті қоғамдастық мүшесі Ерік Бралин.