Қой, 50 мың теңге, 500 рубль. Жемқорлықтың алдын кескен тәртіп сақшылары кім?

31 Қазан 2022, 11:57
832
Бөлісу:
Қой, 50 мың теңге, 500 рубль. Жемқорлықтың алдын кескен тәртіп сақшылары кім?

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, қызметіне адалдық танытқан үш қызметкер ІІМ басшысының бұйрығымен медальдармен марапатталған.

Елордалық дүкендердің бірінің сатушысы 21 жасқа толмаған адамға алкоголь мен темекі сатқаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен құтылуға тырысып, учаскелік полиция инспекторы Бақытжан Құлжановтың күртесінің қалтасына 50 мың теңге салады. Бұл сәт полицейдің бақылау камерасына түсіп қалған. Сатушыға қатысты пара беруге тырысқаны үшін сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп атап өтті ведомствоның өкілі. 

Сонымен қатар тасжол бойында пара алудан бас тартқан тағы бір тәртіп сақшысының еңбегі ескерусіз қалмады. 

Атырау-Орал автожолында патрульдік полиция қызметкері Ризабек Сапанов Chevrolet Lacetti көлігін тоқтатады. Рульде Ресей Федерациясының азаматы болған, ол көлік құралын сақтандыру полисінсіз басқарған. Жүргізуші құжаттармен бірге инспекторға әкімшілік жауапкершіліктен құтылу үшін өтемақы түрінде 500 рубль берді. Ақшаны беру полиция қызметкерінің бейнетіркеуішіне жазылып қалған, ол дереу оқиға орнына жедел-тергеу тобын шақырады. Осы факті бойынша полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, - деді Шұғыла Тұрлыбек. 

Тағы бір жайт, Ақмола облысының мекемелерінің бірінде болған оқиға көптеген қазақстандықтарға белгілі. 

Бір ер адам облыстық ҚАЖД-нің қызметкері Салтанат Жакеноваға қоңырау шалып, оған бір қой және «күнделікті азық-түлік өтемақысын» ұсынып, бірге тұратын әйелін күнделікті тексеріске келуден босатуды сұраған. Осы факті бойынша ақмолалық тұрғын ұсталып, оған қатысты пара ұсыну туралы қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрінің бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жолын кескені үшін олардың барлығы «құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталды, - деді ІІМ өкілі. 

Өзгелердің жаңалығы