Қосылған құн салығының өтемақысы қайтарылатыны жалған – комитет

6 Қаңтар 2020, 18:44
2262
Бөлісу:
Қосылған құн салығының өтемақысы қайтарылатыны жалған – комитет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік кірістер комитеті Youtube желісінде және түрлі мессенджерлерде тараған видеоның шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді.

Айта кетейік, жаңа жылдың алдында қазақстандықтар WhatsApp арқылы Youtube желісінде жарияланған видеоны тарата бастады. "Сообщили новость" деп аталатын роликте tax free бойынша қосарланған құн салығының өтемақысын қайтару тәртібі жайында айтылады. Онымен 100 000 – 1 500 000 теңгенің өтемақысын алуға болады-мыс.                                                          

Видеоға сәйкес, алдымен арнайы сайтқа өту керек. Одан кейін 5 мың теңгенің көлемінде заңгерлердің ақысы төленеді. Соңында банк картасының нөмірін енгізу арқылы өтемақыны алуға болады. Видео авторлары бұл хабарламаны республикалық телеарналардың бірі өз эфирінде көрсеткендей етіп монтаждаған. 

Жылдың аяғына қарай бұл видеоның жалпы қаралым саны 1 миллионнан асып кеткен.                                                                          

Туындаған сұрақтарды назарға ала отырып, мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарады және бұл - алаяқтардың әрекеті екендігіне баса назар аударуға шақырады, - делінген ведомство хабарламасында.

Еске сала кетейік, Қазақстанда tax free жүйесі бар. Бірақ ол тек шетелдік туристер үшін Алматыдағы Esentai Mall сауда орталығында пилоттық жоба ретінде қолға алынған. Оған сәйкес, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың қосарланған құн салығы қайтарылады.


Өзгелердің жаңалығы