Қостанайлық полицейлер жоғалған жылқыларды иесіне қайтарып берді, деп хабарлайды Polisia.kz.
6 қаңтарда Денисов ауданының Озерное ауылынан 50 метр жерде орналасқан базадан жергілікті тұрғын Баянсұлу Ерденоваға тиесілі жылқылар ұрланды. Залал сомасы 1 млн 400 мың теңгені құрады. Жануарлардың иесі өздігінше іздеуді бастағанмен, тиісті нәтиже болмағандықтан, ол Денисов ауданының полиция бөліміне жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде жоғалған жылқылар көрші Жітіқара ауданының Пригородное ауылынан табылды. Ұрланған екі жылқы табылды, күдіктілер үшіншісін сойып, етін сатып үлгерген.
Күдікті деп Денисов ауданының тұрғындары анықталып, ұсталды. Олардың бірі бұрын-соңды істі болмаған 20 жастағы азамат пен бұрын сотталған 41 жастағы ер адам, – деді Денисов ауданының криминалдық полиция бастығы Асхат Жаңабаев.
ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Санкция мүлікті тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Фермер полицейлерге жедел жұмысы үшін алғыс айтты.
Денисов ауданының полиция қызметкерлеріне қысқа уақыт, тәулік ішінде ұрланған жылқыларды тауып бергендері үшін рахмет, – деп Баянсұлу Есенова бейнежазба жолдады.