Қостанайлық оқушыларды "атамын" деп хабарлама таратқан адам ұсталды

14 Ақпан 2024, 14:56
893
Бөлісу:
Қостанайлық оқушыларды "атамын" деп хабарлама таратқан адам ұсталды
Фото: pixabay.com

Қостанайда фейк ақпарат таратып, елді дүрліктірген 10 жасар бала болып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қостанай облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан анонимнің кім екені анықталды. 

Әлеуметтік желіде террорлық әрекет тақырыбындағы жарияланымды көрген ол мәтінін көшіріп алған. Сосын оған фото қосып, монтаждаған. Кейін WhatsApp арқылы сыныптастарына таратқан. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқушының ата-анасы ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікті арқалайды, - делінген облыстық ПД таратқан ақпаратта.

Еске салсақ, әлеуметтік желілерде аноним 15 ақпанда Қостанай мектептерінде атыс ұйымдастырылғаны жөнінде хабарлама таратқан болатын. Бұндай жалған террорлық сипаттағы хабарламалар флешмоб ұйымдастырылғандай, қаптап кетті. Себебі бұған дейін Павлодар, Қарағанды облыстарында осы сипатта хабарламалар таратылып, елді әбігерге салды. Кеше Қарағанды облысында осындай жалған ақпаратты таратқан 13 жастағы оқушы ұсталды. Енді оның ата-анасы да сот алдында жауап береді.

Өзгелердің жаңалығы