Қостанайда «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған үй сапасыз болып шықты

18 Қыркүйек 2020, 03:39
1863
Бөлісу:
Қостанайда «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған үй сапасыз болып шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанайда жарты жыл бұрын қолданысқа берілген жаңа үйдің сылағы түсіп, едені опырылып, төбесінен су тамшылап тұр. Баспананы ипотекаға алған тұрғындар не істерін білмей дал. Мердігер болса, жөндеу жүргіземіз дегелі бірнеше ай өткен.

Көпқабатты үйдегі көпшілік арнамызға хабарласып, талап-тілектерін жеткізді, деп хабарлады «Астана» арнасы. Тұрғындардың алғашқы легі «Юбилейный» шағын ауданындағы 14-үйге осыдан 6 ай бұрын қоныстанған. Бес қабатты жаңа үйдің жыры сол кезде-ақ басталыпты.

Төбеден тамшы ағады. Аққан судың бәрі жерге құйылып, суағар дұрыс болмай тұр. Судың бәрі жертөлеге кіріп, суға толып кетеді, - дейді тұрғын Елдос Дастанов.

Әсіресе, 5-қабаттан баспана бұйырған әлеумет сан соғып отыр. Жаңа пәтердің төбесінен жаңбыр суы тамшылап, қабырғасы көгере бастапты. Тұрғындар жас сәбилерінің денсаулығына алаңдаулы.

Үйдің ішінде ылғал. Алдында ас бөлменің төбесінен аққан. Енді міне, дәлізден ағып жатыр. Терезелері сапасыз. Жер үрлеп тұр. Кішкентай балаларымыз бар. Ертең қыста не істерімізді білмейміз, - дейді Орынкүл Айсина.

Шаһар билігі тұрғындардың түйткілін біліп отыр. Тіпті, көпшіліктен шағым түскен соң арнайы комиссия құрған. Жуық арада бес қабатты үйдің кемшін тұстарын мердігер түзейді деді. Егер жұмыс орындалмаса, сотқа беруді де жоспарлап қойған.

Тұрғындардың мәселесі бізге белгілі. Біз оны білеміз. Енді мердігерлерге хат арқылы ескерттік. Олар біздің хат бойынша жұмыс істемесе, сот арқылы жұмыс істеткіземіз, - дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұржан Құрманғалиев.

Шағын аудандағы 14-үйді салған құрылыс компаниясының кепілдік мерзімі – 3 жыл. Мердігер бар кінәні субмердігерге артып отыр.

Келісім- шарт бойынша субмердігерлер жұмыс істеген. Олар өз міндеттерін орындамай жатыр. Сотқа бердік. Құрылыс барысында кеткен олқылықтарды жою үшін басқа субмердігерлерді іздестіріп жатырмыз, - дейді мердігерлік компанияның атқарушы директоры Мақсат Бегенжов.

Мұндағы көпқабатты үйлердің көбі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген. Тұрғындар баспананы ипотека арқылы иеленген. Олар енді сапасы сын көтермейтін пәтер үшін ай сайын қомақты несие төлеп отырғандарына қынжылады.


Өзгелердің жаңалығы