Қостанайда баланың үстіне футбол қақпасы құлады

15 Сәуір 2023, 23:38
1589
Бөлісу:
Қостанайда баланың үстіне футбол қақпасы құлады
Фото: kstnews.kz

Қостанай қаласында 16 жастағы жасөспірімнің үстіне футбол қақпасы құлады. Ауруханаға түскен жасөспірімді жасанды тыныс алу аппаратына қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы «Костанайские новости» порталы жазды.

Бас дәрігердің орынбасары Игорь Белобржицкийдің айтуынша, темір конструкция баланы басып қалған. Оның ішіне зақым келді, қан кетіп, ағзалары жарылған.

Операция кезінде аш ішектің жарылғанын анықтадық. Бұл бала кезіндегі өте қауіпті жарақаттардың бірі болып саналады. Ота жасалғаннан кейін баланы жасанды тыныс алу аппаратына қосып қойды. Оның жағдайы әлі ауыр, - дейді Белобржицкий.

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Мирас Омаров алаңның осыдан үш жыл бұрын жасалғанын айтқан.

Әдетте біз қызмет көрсетуші ұйыммен меморандум жасаймыз да, олар пайдалануға берілген нысанды күтіп ұстайды. Бірақ ол алаң жеке меншік секторда орналасқан. Ол жердің тұрғындары өзіміз қараймыз деді. Ондай алаңдар бірнеше жерде бар, еш жерде қақпасы бекітілмеген. Себебі ары-бері тасып жүреді. Өздігімен құламауы керек. Шамасы, тербеткен. Дегенмен полиция оқиғаның мән-жайын анықтайды, - деп атап көрсетті Мирас Омаров.

Өзгелердің жаңалығы