Қостанайда үш ай бойы шығармашылық өнер фестивалі өтеді

Қостанайда үш ай бойы шығармашылық өнер фестивалі өтеді
PHOTO
918

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «DALA FEST» шығармашылық арт фестивалі басталады.

Тобыл өңірінде тұңғыш рет өткізіліп отырған өнер ұжымдарының шығармашылық арт фестивалі аясында қостанайлықтар облыс төңірегіндегі өнерпаздардың өнерінен маусым, шілде және тамыз айлары бойы тегін сусындамақ.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Қостанай қаласында жаңа арт алаңының ашылуына куә болып отырмыз. Бұл арт алаңда жаз бойы облыстың әрбір ауданының маңдай алды шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін көрсетеді. «DALA FEST» деп аталатын шығармашылық арт фестиваль аясында Қостанай тұрғындары әр демалыс сайын облыстың жезтаңдай әншілері мен дәулескер күйшілердің, термешілер мен жыршылардың, мың бұралған бишілердің өнеріне тәнті болады. Оның сыртында он саусағынан өнер тамған қолөнершілердің көрмесі мен ашық аспан астында кинотеатрлар өз жұмысын бастамақ. Ол кинотеатрларда Алаш арыстарының өмірінен сыр шертетін көркем және деректі фильмдер жұртшылық назарына ұсынылмақ, - дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

«DALA FEST» арт фестивалінің шымылдығын бірінші болып Қостанай қаласымен іргелес қоныстанған Қостанай ауданының «Алтын дән» мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары мен әртістері ашады. 

Онда аудандық өнер ұжымының өнерпаздары алда болатын дүбірлі  тойға өздерінің арнайы алып келген әні мен жырларынан шашу шашты.

Фестиаваль аясында ұсынылып жатқан барлық тағылымы мол шараларды халық тегін қарай алады. Сол үшін осынау ауқымды жобаны әдейі қала орталығында ұлт ұстазының ескеркішінің қасында ұйымдастырып отырмыз. Келген көрермендер Ахмет Байтұрсынұлының рухына тағзым жасау үшін осы алаңды таңдап отырмыз. Фестивалдың қорытындысын тамыз айының соңында қала күнімен орайластырып, үлкен бір гала-концерт ұйымдастыру ойда бар, - дейді Ерлан Болатұлы.

Иә расында, «DALA FEST» шығармашылық арт фестивалінің алдағы үш ай ішіндегі жоспарларына көз жүгіртсек , кез келген  көрерменге ерекше бір рух беретін  сәттердің мол болатынын қазірден байқауға болады.

Бұл облыстық деңгейде тұңғыш рет өткізіліп отырған барлық жеке орындаушылар мен өнер ұжымдарының басын біріктіретін бір фестиваль болғалы тұр. Бүгін фестиваліміздің шымылдығын Қостанай ауданы ашты. Келесі аптада осы арада қаймағы бұзылмаған, өнерді жоғары бағалайтын Науырзым ауданының шығармашылық ұжымдарының өнерін тамашалайтын боламыз. Сондықтан баршаңызды ерекше рухани әсер сыйлайтын «DALA FEST» шығармашылық арт фестивалінің қонағы болуға шақырамын, - дейді осынау ерекше жобаны ұйымдастырушы облыстық көркемөнерпаздардың халық шыгармашылығы мен кинобейнеқор орталығының әдіскері Мұрат Нағашыбай.


Фото: автордан