Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қостанайда 15 мың теңге жәрдемақыға берілген өтінімдер қарастырыла бастады. Бұл туралы Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәурен Асқаров мәлімдеді.
Өтінімдерді қарастыруды бастадық, ал жәрдемақы қостанайлықтарға жақын күндері төленетін болады. Бірақ, барлығына емес, жеке шоттарының сәйкестігі тексерілгендер. Яғни, бізге өтінім берушінің аты-жөні коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындармен арадағы келісімшартта көрсетілуі керек. Басқа біреу үшін төлеп беру деген болмайды, - дейді басқарма басшысы Дәурен Асқаров.
Естеріңізге сала кетейік, елдегі төтенше жағдай кезеңінде халықты әлеуметтік қолдау аясында Қазақстан Президенті бірқатар нақты шара қабылдаған болатын. Соның бірі – коммуналдық шығындар үшін 15 000 теңге көлемінде жәрдемақы беру. Мұндай көмекті мүгедектер, көпбалалы отбасылар, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен осы санатқа теңестірілгендер, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жалғызбасты қарттар, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер және т.б. 15 000 теңге алуға құқылы.
Бүгінге дейін облыс орталығының 9,5 мыңнан астам тұрғыны коммуналдық өтемақы алуға өтінім берген. Көмек мамыр және маусым айларында да қабылданады.
Өтінімді жергілікті әкімдікке үй немесе пәтер иесінің өзі жеткізе алмаса, басқа отбасы мүшелерін жіберуге болады. Мұндай жағдайда тұрғын өзі туралы мәліметтерді: ЖСН, байланыс нөмірін, жеке шоттың нөмірін беруі, сондай-ақ, өтінімін жеткізушімен туыстық байланысын көрсетуі тиіс. Ал Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мәліметтерді тексеріп, сәйкестігін анықтайды. Өтінімді қайта ресімдеу қажет емес, жәрдемақы екінші айда шотқа автоматты түрде түседі.
Коммуналдық төлемдер үшін берілетін өтемақыны Ikomek бірыңғай жүйесінің 109 нөміріне қоңырау соғып рәсімдеуге болады. Бұл орталыққа телефон арқылы түсетін өтінімдер күні-түні қабылданады.