Қостанай облысы. Бір баланы мектепке дайындауға қанша қаржы керек?

15 Тамыз 2022, 14:50
2302
Бөлісу:
Қостанай облысы. Бір баланы мектепке дайындауға қанша қаржы керек?

Қостанайдағы мектеп базарларындағы бағаның барысы жайында оқушы ұл-қыз өсіріп отырған ата-аналар дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды Қостанайдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Бүгін біз саудагерлердің сатып тұрған мектеп формасынан бастап құрал-жабдықтарының бағасына шолу жасамақпыз.

Тамыз айы туысымен Қостанай облысының ата-аналары әбігерге түсіп, базар жағалап кететіні үйреншікті жағдай. Оның басты себебі балаларын қатарынан қалдырмай мектепке дайындау жолындағы қарбалас тіріліктердің бірі. Осы орайда, сол ата-ана үшін сынаптай құбылған базардағы бағаның қалтаға ауыртпалық салатыны анық. Ата-аналардың кейбірі жаз бойы баласын мектепке жіберу үшін бел жазбай еңбек етсе, енді бірі қорасындағы жалғыз малын сойып, баласын мектепке жіберетінін біреу білсе, біреу білмес. 

Қостанай облысы. Бір баланы мектепке дайындауға қанша қаржы керек?

Оның үстіне жығылғанға жұдырық болып отырған шарықтап кеткен баға болып отыр. Жалпы соңғы жылдары балаларын мектепке дайындайтын ата-ананың қалтасына ауыр соғуда. 

Оны жыл сайын баласын мектепке дайындау үшін тауарлардың бағасына мониторинг жүргізетін ата – аналар мен осы саланы тіршілік көзіне айландырып, нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлерде айтып отыр. 

Естеріңізге сала кетейік, биылдан бастап осы салаға жауап беретін министрлік мектеп формасының түсі мен талаптарын оқу орнының құзіретіне қалдырған болатын. Осыған байланысты облыс үшін бірыңғай стильді таңдау туралы ұсыныстарда қылаң берді. Осы кезде алаңдап отырған ата-аналарға облыстық білім басқармасы биылғы жылы метеп формасына қатаң талап жоқтығын, былтырғыдай үлгіде қала беретінін айтты.

Осыған байланысты біз Қостанай қаласындағы ата-аналарға танымал сауда орындарында болып, бір баланы мектепке дайындау үшін ата-анаға қанша қаражат тұратынын анықтап көрдік.

Қостанай облысы. Бір баланы мектепке дайындауға қанша қаржы керек?

«Орталық базар» немесе жұрт оны «Көк базар» деп атайды.  Дәл осы арада облыстық әкімдіктің тапсырмасымен арнайы «Мектеп базары» қыркүйек айының соңына дейін жұмыс істейді. Сонымен «Орталық базардағы» бағаның бағамына жүгінсек. Мұндағы қатар тізілген сауда дүңгіршектерінде біз күткендей мектеп формасының стильдері мен түстері бойынша көп таңдау жоқ. Мұнда негізінен көк және қара түсті бірдей өндірістегі тауарларды әртүрлі бағада кездестіресің. Саудадағы басым киім-кешектер Қытай, Өзбекстан, Түркиядан шыққандар.

Әрине биылғы жылғы тігілген мектеп формалары былтырғыдан екі есе қымбат. Бірақ, мен  пандемиядан бұрын сатып алынған формаларды сатып жатырмын. Ол кезде бізде сауда болған жоқ. Өздеріңіз білесіздер балалар мектепке бармады. Осының бәрін қазір ескі бағамен сатуға тырысып жатырмыз. Мысалы, жұрт мақтап жүрген «Каспий дүкенінде» жейделер 8500 теңгеден және одан жоғары бағада сатылса, ал бізде 5-6 мың теңгеден аспайды.  Кейде үш мың теңгеге де табуға болады. Мен сатып жатқан мектеп формаларының барлығы Қырғызстан өндірісінен шыққан.  Сондықтан,  жергілікті тауарға қарағанда арзан, қалта көтеретін бағада, - дейді кәсіпкер Қуаныш Ысқақов.

Қуаныштың сатып тұрған бағалары мынадай:  қыз балаларға арналған фартук 3500-4500 теңге, белдемшелер 3500-4500, сарафандар 4500 теңге, жейделер 5000-6000 теңге аралығында.

Қостанай облысы. Бір баланы мектепке дайындауға қанша қаржы керек?

Ал, осы сауда нүктесімен жапсарлас орналасқан шатырда бағаның тым қымбат екенін анықтауға болады. Мәселені анықтауға тырысқанымызда жергілікті тігін фирмасының өндірісінен шықан өнімдер екенін байқадық. Мәселен белдемшелер – 5500 – 6000 теңге, курткалар мен күртелер – 6000 – 7000 теңге, сарафандар – 6500 – 8500 теңге, шалбар – әрқайсысы 7000 теңгеден сатылуда.

Алдымыздан кездескен бір сатушы бағаның шарықтап кеткені сонша, өздері де үйрене алмай жатқанын ашық айтты.

Былтыр біз блузкаларды 3000 теңгеге саттық.  Қазір олардың құны 5000 теңгеден жоғары. Бірақ, бұл ара базар болған соң  адамдармен саудасуға тура келеді. Ара-тұра 3500 теңгеге сататын кездеріміз болады, - деді атын атамауды өтінген сатушы.

Осы орайда, біз мектеп базарында аяқ киім, спорттық костюмдерді, кроссовкаларды байқамадық. Оларды іздеу үшін базардың ішіне кіріп, аяқ киім сататын жерлерді арнайы аралау керек.

Көптеген ата-ана «ЦУМ» және «Қостанай Плаза» сауда үйінде орналасқан «Балалар әлемінен» сатып алуды жөн көреді. Рас, мұндағы баға базардан қарағанда қымбатқа түседі. Мәселен,  ұл балаларға арналған шалбар – 10-12 мың, жилет – 8000 – 10000 теңге, жейде – 4500 – 7000 теңгеге алуға болады.

Мен ұлыма мектеп формасын қаладағы «Челночок» дүкенінен 12 000 теңгеге сатып алдым. Біз сондай-ақ жақсы әрі арзан нұсқаны таптық деп есептейміз, - дейді қала тұрғыны Бағдат Ахметбеков.

Атағы алысқа кеткен атақты «Большевичка» тігін фабрикасының тіккен мектеп формасы кең таңдауымен ерешеленеді. Фабриканың фирмалық дүкеніне бас сұға қалсаң аспандаған бағаны көргенде, есікті тауып шыға алмай қалатындай жайға түсесің.  Мұнда ұл балаға арналған костюм көлеміне қарай 20500-24500 теңге, қыз балаға арналған жиынтық (куртка, юбка, жилет) 20000-24000 теңге аралығында. Сарафандар - 9000 - 9500 теңге деп айқайлап тұр.

Сонымен, қорытынды бағаға тоқталсақ, базардан сатып алынған оқушының ең аз жиынтығы оған кеңсе тауарлары мен  спорттық және аяқ киімдерді қоспағанда 31 900 теңге. Ал оны қаладағы атақты сауда үйлерінен іздесеңіз 25 мың теңгені қалтаңызға артық салып шығыңыз. Нақты айтқанда 56 100 теңге шығындайсыз.

Ал, жоғарыда аталған бағаға балаңыз үшін спорттық киімдер мен қыстық, күздік, мектеп ішіне киетін аяқ киімдер мен кроссовка алу үшін тағы 30-40 мың теңге керек. Сонымен, Қостанайда бір баланы мектепке толық дайындап шығу үшін орта есеппен 100-150 мың теңге керек дейді мамандар. 

Осы орайда бір отбасында бірден 5-6 баласы бірден мектепке баратын ата-аналардың жағдайы не болмақ. Оны бір Аллаға тапсырдық.

Өзгелердің жаңалығы