Қостанай әуежайына Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілуі керек – Айбек Қалиев

22 Желтоқсан 2021, 15:51
1745
Бөлісу:
Қостанай әуежайына Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілуі керек – Айбек Қалиев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алдағы жылы Алаштың рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы тойланады.

Айтыскер ақын Айбек Қалиев Facebook желісінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған ұсыныстар туралы жазба жариялады.  

Біздің ойымыз осыған дейін өткен айтулы тұлғалардың мерейтойларындағыдай науқаншылдық белең алып кетпесе екен. Айтылған ұсыныс-пікірлердің бәрі болмаса да негізгі-негізгі деген мәселелер шешімін табуы тиіс, -деді ол.

Айтыскер мынандай ұсыныстар айтты:

Біріншіден, Ахаңның есімін Қостанай әуежайына беру. Хиуаз Доспанованың есімі әуежайға берілді, енді батыс облыстардағы әуежайларға Әлия мен Мәншүктің есімін беру туралы ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді, бірақ кейбіреулер Әлия мен Мәншүк ұшқыш емес деген пікір айтып, қарсылық танытқан екен. Ертең Ахаңды да ұшқыш емес деушілер болады. Елорда әуежайының атауын иеленіп отырған Н.Назарбаев та ұшқыш болуды армандағанымен, ұшқыш болған жоқ қой.

Екіншіден, барлық облыс орталықтарында Ахаңның еңселі ескерткіші бой көтерсе. Тіпті облыс әкімдері осыны челленжге айналдырып бәсекеге түссе, нұр үстіне нұр болар еді.

Үшіншіден, Ахаңның туған елі Торғайдағы аудан орталығы мен Ақкөл, Қарасу ауылдарының арасына тас жол төселсе. Әрине, бұл бір жылда бітетін жұмыс емес, дегенмен қазақ барда Ахаң мәңгі жасайды, олай болса мейлі он жылда, жиырма жылда салынсын, бірақ осы жол салыну қажет.

Төртіншіден, Ахаңның туған жері Сарытүбекте мемориалдық кешен салынса. Бұл кешеннің дайын жобасы бар, тек қаржыны қажет етеді. Міне осы және тағы да басқа ұсыныстар қолдау тауып жатса, Ахаңа деген перзенттік парызымыздың өтеуіндей болар еді. Әрісі түркі дүниесі, берісі Алаш жұртына аянбай қызмет еткен Ахаңдай тұлғалар кемде-кем. Қазіргі сауаты бар әрбір қазақ Ахаңа қарыздармыз. Сондықтан да Ахаңның мерейлі жылында ұлт ұстазын ұлықтау әрқайссымыздың абыройлы міндетіміз деп ойлаймын! –деп жазды ақын.

Өзгелердің жаңалығы