Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Муханов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Қосшы қаласындағы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құрылысымен танысты.
Нысан ұзақ уақыт бойы құрылысы аяқталмаған объектілер қатарында болған. Құрылыс жұмыстарын жалғастыру Қосшыдағы өрт қауіпсіздігін күшейту үшін маңызды.
Жаңа өрт сөндіру бөлімі төрт шығуға есептелген. Ол Қосшы қаласына және елордалық агломерацияға жақын орналасқан елді мекендерге қызмет көрсетеді. Кешенде бөлім қызметкерлеріне арналған жатақхана да қарастырылған.
Министр нысанның негізгі үй-жайларын, жатақхана мен инфрақұрылымын аралап, атқарылған құрылыс жұмыстарымен танысты.
Қосшыда халық саны артып, тұрғын аудандар мен қалалық инфрақұрылым кеңейіп келеді. Өрт сөндіру бөлімін пайдалануға беру құтқарушылардың оқиға орнына жету уақытын қысқартып, төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін арттырады.
Осылайша, құрылысы ұзақ уақытқа созылған нысанды аяқтау қаладағы өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді.