Қосшы қаласында жаңа мектеп ашылды

1 Қыркүйек 2022, 18:10
1799
Бөлісу:
Қосшы қаласында жаңа мектеп ашылды

«Балалар жылы» аясында және Білім күніне орай Қосшы қаласында тағы бір мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін Елорданың маңындағы қарқынды дамып келе жатқан қаланың Желтоқсан көшесінде жаңа ІТ мектеп-лицейі өз есігін айқара ашты.

Заманауи білім ордасы 1200 орынға арналған. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа IT мектеп-лицейі заман талабына сай бой көтерді. Балаларды сапалы білім, саналы тәрбиемен қамтуға барлық мүмкіндік жасалған. Жаңа модификациялы кабинеттерден бөлек 667 орынды акт залы, 384 орынды кең асханасы, 5 компьютер кабинеті, 6 лингафон кабинетімен жабдықталған.

Жаңа мектептің ашылу салтанатына Ақмола облысы маслихатының хатшысы Талғат Жүнісов, облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов және Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов қатысып, оқушылар мен ұстаздарды қуаныштарымен құттықтады.

Айта кету керек, жаңа мектептің қолданысқа берілуі оқушы орындарының тапшылығын 77% - ға төмендетуге мүмкіндік берді. Биыл ІТ мектеп-лицейінде 2000-ға жуық оқушы екі тілде білім алатын болады. Жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 287 оқушы қабылданған. Балаларға білім беретін 56 педагогтің 10 педагогі «Жастар практикасы» аясында 2021-2022 жылдары оқу аяқтаған жас мамандар.

Қосшы қаласында жаңа мектеп ашылды

Сонымен қатар, Қосшы қаласында жыл соңына дейін 1200 орындық тағы бір мектепті іске қосу жоспарланған. Бұл мектеп 4,6 мың бала оқитын "Лесная поляна" тұрғын алабында орналасқан негізгі мектепке жүктемені азайтады. Келесі жылы тағы 2 мектеп іске қосылады, олардың біреуі жеке инвестициялар есебінен салынуда.

Еске салайық, Ақмола облысында облыстық бюджет есебінен 5,5 мыңға жуық орындық 14 мектептің құрылысы жалғасуда.

Мысалы, Целиноград облысында жергілікті білім басқармасының мәліметі бойынша «үш ауысымдағы» мектептердің саны біреуге дейін қысқарды. Қазір үш ауысымда жұмыс істейтін жалғыз мекеме Шұбар ауылында. Сондықтан мұнда 300 орындық мектеп салынуда.

2025 жылға дейін Қазақстанда 5 мың мектепті жаңғырту жоспарлануда, оның 470-і Ақмола облысында. Бұл ғимараттарды, материалдық-техникалық жарақтандыруды қайта құру, оқу-әдістемелік әдебиеттерді толықтыру деген сөз.

Бүгін облыстағы 542 мектепте өткен салтанатты жиынға 136 мыңнан астам оқушы, оның ішінде 15 мыңға жуық бірінші сынып оқушылары келді.

Әсел ТҰРАР

Өзгелердің жаңалығы