Қоскөлден Делиге дейін: Қазақтың тері мен киізден жасалған туындылары Үндістан төрінде

BRICS Bazaar – түрлі елдердің мәдениетін таныстырып, халықтарды жақындастыратын алаң. Көрмеге көптеген елдің қолөнершілері қатысып, бір-бірімен тәжірибе алмасып жатыр.

12 Қыркүйек 2026, 10:42
АВТОР
 автордан  12 Қыркүйек 2026, 10:42
12 Қыркүйек 2026, 10:42
122

Қоскөлден Дели төріне дейінгі жол. Қазақтың ұлттық қолөнерін заманауи өнермен үйлестірген шебер Тоғжан Бәбиева Үндістан астанасында өтіп жатқан BRICS Bazaar көрмесінде өз еңбектерін таныстырып жатыр. Киіз, тері, ағаш және акрил бояуынан жасалған туындылар арқылы қазақстандық қолөнерші әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарға қазақ халқының мәдениеті мен ұлттық өнерін таныстырып жатыр.

Қазақтың ұлттық қолөнерін халықаралық көрмеде таныстырып жүрген шебер Нью-Делиде тілшімізге сұхбат берді.

Тоғжан Бәбиева Қазақстан делегациясының құрамында БРИКС саммиті аясында өтіп жатқан BRICS Bazaar көрмесіне қатысу үшін Нью-Делиге келді.

BRICS Bazaar – түрлі елдердің мәдениетін таныстырып, халықтарды жақындастыратын алаң. Көрмеге көптеген елдің қолөнершілері қатысып, бір-бірімен тәжірибе алмасып жатыр.

Қазақстандық қолөнерші көрмеге өзінің ерекше жұмыстарын алып келді. Оның туындылары аралас техникамен жасалған. Шебер киіз, тері, ағаш және акрил бояуын үйлестіре отырып, ұлттық өнерді заманауи бағытпен ұштастырады.

БРИКС саммиті аясында BRICS Bazaar көрмесі өтіп жатыр. Көрмеге көп елдің қолөнершілері қатысып жатыр. Барлығымыз бір-бірімізбен тәжірибе алмасып жатырмыз. Мен көрмеге өзімнің картиналарымды алып келдім. Олар аралас техникамен жасалған. Мысалы, терімен, ағашпен, акрил бояуымен және киізбен. Ал әріптесім Серік аға күмістен жасалған бұйымдарымен көрмеге қатысып жатыр, – деді Тоғжан Бәбиева.

Көрмеге келушілердің қазақтың мәдениеті мен ұлттық қолөнеріне қызығушылық танытып жатқанын байқауға болады.

Картиналарымызға, бұйымдарымызға қызығып, “әдемі, керемет” деп келіп көріп жатқандар бар. Үндістан – сан түрлі мәдениет пен дәстүр тоғысқан, әр бұрышы өзінше ерекше әрі ғажайып ел ғой. Сондықтан Қазақстан туралы, мәдениетіміз бен тарихымыз туралы бірі білсе, бірі біле бермейді. Мысалы, Қазақстанның қолөнері туралы диссертация жазған кісімен таныстым. Ол қазақтың қолөнерін моңғолдыкімен салыстырып, үлкен еңбек жазған, – деді қолөнерші.

Оның еңбектерінің басым көпшілігі тері мен киізден жасалған. Көрмеге қойылған картиналардың бағасы 20 доллардан 1000 долларға дейін жетеді.

Тоғжан Бәбиеваның Орал қаласында «Текемет – Жайық» шеберханасы бар.

БРИКС саммиті аясында өтіп жатқан BRICS Bazaar көрмесі арқылы ең алдымен қазақтың қолөнерін танытқым келеді. Қазір қазақтың қолөнері дамып, түрленіп, заманауи бағытта өзгеріп келеді. Сондай-ақ көрмеге қатысып қана қоймай, басқа елден келген әріптестеріммен тәжірибе алмасқым келеді, – деді қолөнерші көрмеде тілшімізге берген сұхбатында.

Қазақтың қолөнері Дели төрінде

Қазақ қолөнершісі BRICS Bazaar көрмесіне 15-тен астам еңбегін алып келген. Оның ішінде тұмарлар мен түрлі шығармашылық жұмыстар бар.

Әрбір туындының өзіндік мағынасы бар.

Мысалы, “Қоскөл” деген картинамды ала келдім. Қоскөл – менің туған ауылым. “Қоскөл” картинасын біз күнделікті өмірде бір-бірімізбен байланыста боламыз және Қоскөлдей энергия алмасамыз деген мағынада жасадым. Сондай-ақ “Жел қуаты” деген жаңа жұмысым да бар. Оны Үндістанға арнайы жасадым. Өйткені мұнда тіпті сиырға деген көзқарастың өзі өзінше бір мәдениет. Осы жануарды жердің қуатын, күшін көрсететіндей етіп бейнеледім. Оның мүйізінің үстіне бақ құсын қондырдым. Ол бір жағынан бақ құсы, екінші жағынан арман құсы. Ол ұшып кететіндей жеңіл. Сонымен қатар көрмеге “Асқар тау” тұмарын ала келдім. Ер-азамат асқар таудай қорғаныш болсын деп, шыңы жоғары қарап тұрады. Ал әйел заты шыны аяқ сияқты. Бұл жұмыс бір жағынан баласы бар әйел бейнесіндей, – деп түсіндірді Тоғжан Бәбиева.

Көрмеге Қытай, Үндістан, Малайзия, Өзбекстан, Ресей, Куба, Африка елдері, Вьетнам және басқа да елдердің көрмелері ұсынылған. 

Көрші Өзбекстан көрмеге ыдыстарын ұсынған. Тағы бір көрмеден моншақтардан жасалған ерекше бұйымдарды табуға болады. 

Айта кетейік, 12-13 қыркүйек күндері Нью-Делиде БРИКС-тің XVIII саммиті өтеді. Саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады.

Наверх