Қошанов: Жалған ақпараттың таралуына заңнамалық тұрғыдан тосқауыл қоюға тиіспіз

Бөлісу:
Қошанов: Жалған ақпараттың таралуына заңнамалық тұрғыдан тосқауыл қоюға тиіспіз
Фото: Мәжіліс

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін қорытындылап, жаңа міндеттер қойды. Осыған орай Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы экономикалық дамудың бірқатар көрсеткіші бойынша оң серпін бар екенін атап өтіп, алдағы бес жылға арналған жұмыстың басты бағыттарын айқындап берді. Ол – ірі инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, атом энергетикасын дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді нығайту, инвестиция тарту. Әрине, бұл міндеттерді орындау үшін заман талабына бейімделген берік заңнамалық негіз қажет, - деп айтты ол.

Қошанов атағандай, Мемлекет басшысы Парламентке жер қойнауын пайдалану құқықтарын бөлу кезінде инвесторларға түсінікті әрі ашық құқықтық база құру туралы тапсырма берді.

Қазіргі уақытта депутаттардың бастамасымен әзірленген жер қойнауын пайдалану туралы заң жобасы қаралып жатыр. Енді бастамашы депутаттар елімізге ірі геологиялық барлау компаниялары келуіне неғұрлым қолайлы жағдай жасау мәселесіне мұқият назар аударуы қажет. Бұл орайда озық елдердің тәжірибесін барынша зерделеп, жұмысты сессия соңына дейін аяқтауымыз керек, - дейді Ерлан Қошанов.

Мемлекет басшысы назар аударған тағы бір маңызды мәселе – цифрландыру. Біріккен Ұлттар Ұйымы берген баға бойынша, Қазақстан бүгінгі таңда осы салада елеулі жетістікке жетіп отыр. Еліміз 193 мемлекет арасында 24-орында. Сондай-ақ онлайн-қызметтер индексі бойынша үздік 10 ел қатарына кіреді.

Мәселен, интернет арқылы мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу деңгейі 92 пайызға жетті. Алайда мұндай прогрестің екінші жағы да бар. Цифрландырумен бірге халыққа жалған ақпарат тарату белең алып, алаяқтықтың небір түрі қарқынды дамып келе жатыр. Қазақстандықтар күн сайын осындай жағымсыз жайттарға тап болып жатыр. Қазіргі жағдайда бұл мәселеге жан-жақты қарау керек. Ең алдымен, заң мен тәртіпті сақтауға бағытталған шаралар қабылдау қажет. Мәселен, алда қаралатын Цифрлық кодекс жобасы шеңберінде еліміздің тұрақтылығына нұқсан келтіретін жалған ақпараттың таралуына заңнамалық тұрғыдан тосқауыл қоюға тиіспіз, - деп ойын айтты Мәжіліс төрағасы пленарлы отырыста.

Сонымен қатар деструктивті контент таратқаны үшін интернет-платформалардың жауапкершілігін қарастырған жөн.

Қошанов оған қоса жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыру керегін атап өтті. Ол Мәжіліс қабырғасында тиісті заң жобасы әзірленгенін қоса кетті. Сөзінше, жақын арада осы заң жобасын талқылау жұмысы басталады.

Өзгелердің жаңалығы