Қошанов: Ұлттық қор ақшасы саябақтарды абаттандыруға кеткен

Мемлекеттік органдар бюджетті өз бетінше 59%-ға дейін өзгертіп жіберген.

Бүгiн 2026, 13:30
АВТОР
 Мәжілістің баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 13:30
Бүгiн 2026, 13:30
135
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін талқылау барысында бюджет саясатына қатысты бірқатар жүйелі мәселелерге назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, өткен жылы Үкімет ауқымды жұмыс атқарып, ел экономикасында тұрақты өсім сақталған. Жалпы ішкі өнімнің өсімі болжанған көрсеткіштен де, өткен жылғы деңгейден де жоғары болды.

Ұсынылған есептер экономиканың дамуында тұрақтылық бар екенін көрсетіп отыр, – деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен бірге Қошанов биылғы есептің ерекшелігі ретінде Парламенттің алғаш рет мемлекеттік борыштың жай-күйі, бюджеттен тыс қорлар және квазимемлекеттік сектор қызметі туралы кең көлемде ақпарат алғанын атап өтті.

Бұл талқылаудың мақсаты – кінәліні іздеу емес. Басты мақсат – алдағы жұмысымызға қажетті шешімдерді анықтап, бюджет саясаты мен заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлеу, – деді ол.

Бюджет 8 рет түзетілген

Мәжіліс төрағасы жаңа Бюджет кодексі аясында Үкіметке Парламенттің қатысуынсыз бюджет шығыстарын 15 пайызға дейін түзету құқығы берілгенін еске салды.

Алайда оның айтуынша, мемлекеттік органдар бұл мүмкіндікті шамадан тыс пайдаланып отыр.

Кейбір салаларда шығыстар көлемі 59 пайызға дейін өзгертілген. Жалпы алғанда, өткен жылы бюджетке сегіз рет түзету енгізілді. Бұл бюджеттік бағдарламаларды бастапқы жоспарлау жеткілікті деңгейде пысықталмағанын көрсетеді, – деді Қошанов.

Ол болашақта Бюджет кодексіндегі бұл норманы қайта қарап, бюджеттік түзетулердің нақты шегін белгілеу қажет екенін айтты.

Әрбір 5-инвестициялық жоба аяқталмаған

Қошановтың айтуынша, 2025 жылы даму бюджетінің үлесі 8,1 пайыздан 6,4 пайызға дейін қысқарған.

Сонымен қатар жоспарланған инвестициялық жобалардың бестен бірі аяқталмай қалған.

Елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің негізі – инфрақұрылымға, өндіріске, инновацияға және адами капиталға салынған инвестициялар. Алайда осы бағыттағы даму бюджетінің тиісті деңгейде орындалмай жатқанын көріп отырмыз, – деді ол.

Мәжіліс төрағасы мемлекеттік шығыстарда ағымдағы мәселелерден гөрі елдің дамуына бағытталған жобаларға басымдық берілуі тиіс екенін атап өтті.

Ұлттық қор қаражаты мақсатсыз жұмсалмауы керек

Ерлан Қошанов Ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесіне де тоқталды.

Оның айтуынша, 2025 жылы көшелер мен саябақтарды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру сияқты жобалар Ұлттық қор есебінен қаржыландырылған.

Бұл Ұлттық қор қаражатын пайдалану саясатына түбегейлі қайшы келеді. Ұлттық қордың қаржысы тек мемлекеттік маңызы бар стратегиялық жобаларға бағытталуы тиіс, – деді Мәжіліс төрағасы.

Осыған байланысты ол Үкіметке Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобаларға қосымша мониторинг жүргізіп, тиісті қорытынды шығаруды ұсынды.

Қошанов бюджет кірістерін жоспарлау сапасына да сын айтты.

Оның сөзінше, жалпы ішкі өнімнің өсімі жоғары болғанымен, бюджет кірістері бойынша жоспар толық орындалмаған.

Бюджет кірістерін жоспарлау кезінде іс-шаралардың жеткілікті деңгейде ойластырылмағаны байқалады. Бюджет кірістері экономиканың оң өсім қарқынынан қалып қойып отыр, – деді ол.

Мәжіліс төрағасы бұл мәселе депутаттар тарапынан да өткір сынға ұшырағанын айтып, алдағы уақытта бюджет кірістерін барынша объективті әрі сапалы жоспарлау қажеттігін атап өтті.

Наверх