Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Бюджет кодексін қабылдағанда айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін біз өте маңызды заң қабылдадық. Ол – еліміздің қаржы жүйесін реформалау жолындағы маңызды қадам. Өздеріңіз білесіздер, былтыр Президент алдымызға жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігі туралы ауқымды міндет қойған болатын. Соның заңнамалық негіздерін біз қазір қалыптастырып жатырмыз, - деді спикер.
Қошанов сонымен бірге Мәжілісте Салық кодексі қаралып жатқанын айтып, бүгін Бюджет кодексін қабылдағанын айтты.
Өткен аптада ел бюджетін қарау кезінде де бюджет саясаты төңірегінде қызу пікірталас болды. Депутаттар айтан сын-ескертпенің барлығы осы кодексте ескерілді. Үкіметтен келген кодекстің жобасына депутаттардың тарапынан өте үлкен концептуалды өзгерістер енгізілді. Әсіресе, Ұлттық қор ресурстарын тиімсіз жұмсау мәселесі жиі көтерілген болатын. Осы орайда жаңа Бюджет кодексінде сол қаражатты нақты мақсаттарға пайдалану жөнінде норма бекітілді, - деп атап өтті ол.
Мәжіліс төрағасы Президент те осындай тапсырма бергенін еске салды. Оның сөзінше, енді Ұлттық қор қаражаты тек өндіріске немесе елді мекендердің өмірлік маңызы бар инфрақұрылымына жұмсалады.
Бұдан бөлек, квазимемлекеттік сектордағы дивидент саясаты қайта қаралды. Бұл да көп жылдан бері айтылып жүр. Біз осыны бүгін Бюджет кодексінде заңдастырдық. “Самұрық-Қазына” қорының кем дегенде 50 пайыз, ал квазимемлекеттік компаниялардың 70 пайыз табысы бюджетке аударылады. Бұл бұрын Үкімет қаулысымен бекітілетін болатын. Бүгін Кодекске енгізіп отырмыз. Мемлекет басшысы бюджет қаражатын ұқыпты әрі үнемдеп пайдалану жөнінде бірнеше рет арнайы тапсырма бергенін білесіздер. Жаңартылған бюджет процесінде біз сол критерилерді негізге алдық. Жоспарлау аясын кеңейту үшін енді 10 жылға арналған ұзақмерзімді болжам жасалады. Бұл тәсіл қысқа мерзімге және ұзақ мерзімге бюджет шығысын дұрыс жоспарлауға, бюджетті тиімді игеруге мүмкіндік береді, - деп айтты Қошанов.
Бұған дейін Мәжіліс Бюджет кодексін қабылдап, Сенатқа жолдағанын жаздық.