Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған жас әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында 18-19 жастағы сарбаздардың қазасына байланысты ауыр қайғысын жеткізді.
Димаш Құдайберген марқұм жастарды «інілерім» деп атап, олардың өмірі енді басталып келе жатқанда үзілгеніне қынжылған.
Біздің Ақтауда көз жұмған 18-19 жасар інілерімді қимай, жүрегім ауырып, айтуға сөз таба алмай отырмын. Балалық кезеңнен енді ғана шығып келе жатқан кезде жап-жас ғұмырлардың осылайша үзіліп кеткені… – деп жазды әнші.
Ол қаза болған әскери қызметшілердің ата-аналарына, туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтып, Алладан сабыр мен күш тіледі.
Әнші марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болуын тілеп, жандары жәннатта болсын деп дұға етті.
Димаш сондай-ақ елімізде мұндай қасіретті жағдайдың енді қайталанбауын тілеп, ата-аналардың баласынан айырылу қайғысын көрмеуін сұрады.
Жазбасының соңында өнер иесі қаза болған жастармен қоштасып:
Қош болыңдар, бауырларым… - деп жазды Димаш Құдайберген.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілер қаза тапқан болатын. Қорғаныс министрлігі кейін қаза болған 12 әскери қызметшінің аты-жөнін жариялады. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Қазақстанда 25 қыркүйек Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанға халықаралық қолдау: Каспийдегі қазаға байланысты Тоқаевқа шетел басшылары көңіл айтты
Әскери қызметшілердің қазасы: Бірқатар лауазымды тұлға салғырттық танытты деген күдікке ілінді