"Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады" деген халық мақалын ұранға алып, қос жұмысты қатар алған азаматтарымыздың бірі – Абзал Қасенов. Ол бір күн студенттер жатақханасында күзетші болса, қалған екі күні электрик болып қызмет етеді. Яғни, аптасына жеті күн жұмыс істейді. Қазақ үйлерінің шаңырағында шам жағып, студенттердің ықыласына бөленіп жүрген жұмысшы адамы. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі Абзал Қасеновпен тілдесіп, жұмыс жолы туралы сұрап, қос мамандықтың қызығы мен шыжығынан сыр шертті.
Біздің кейіпкер көпшілікке "ақын аға" ретінде танылған. Себебі ол қайда жүрсе де, ойға келген шумақтарды іште ұстамай, айналасындағы адамдарға айтып жүреді. Ал жасампаз жастар күзетші ағаның мұндай өнерін байқап, онымен тіпті айтысып та алады екен.
Абзал Қасенов Шығыс Қазақстан облысында 1966 жылы дүниеге келген. Дүниеге есігін ашқанына бір жыл толғанда Тайынты ауылына отбасымен көшіп барады. Осы мекенде өсіп-өніп, білім алады.
Шешем мені көтеріп жүрген жеті айлығында құлап түсіп, толғағы басталған. Ауылдан Ащыбұлақ деген кентке апарса, мұндағы дәрігерлер көмектесе алмапты. Сондықтан олар қалаға хабарласып, арнайы маман алдырады. Сол кісі анам екеумізді аман алып қалыпты. Көрер жарығымыз бар екен. Содан Манатта бір жыл тұрып, кейін көрші Тайынтыға көштік. Балалық шағым осында өтті. Ал мектеп бітірген соң, Өскемендегі "ГПТУ"-ге (қалалық кәсіптік-техникалық училище) оқуға түстім. Электрик мамандығын алдым, – деп еске алады.
Одан кейін екі жыл әскери міндетін өтеген ол ауылға келіп, электрик болады. Онымен қоймай, кейде қойшы болып та кәсіп қылады. Дегенмен, бұл қамсыз күндерді Кеңес Одағының құлауы күрт өзгертеді.

Үкімет құлаған соң, кәсіп орындар жабыла бастады. Адамдар қалаға ұмтылып, ауылдың тұрмысы төмендеді. Біз Өскеменге барайық десек, онда 6 зауыттың бәрі тоқтаған. Не болсада Алматыға көшуге бел будық, - дейді ол.
Осылайша, 1997 жылдан бері Абзал отбасымен Алматыда тұрып келеді. Алып шаһарға келген алғашқы күннен біздің кейіпкер еңбек етуге кіріскен.
Бастапқы кезде жұмыс талғамай, әр жерде қолдан келгенін істедім. Алатаудың баурайында біраз орныққан соң, өзімнің мамандығымен кәсіп қылып, жеке фирмаларда, алматылық метрода электрик боладым. Ал бүгінде жаңа үйлердің шамын жағып, тоғын жүргізетін жеке дара маманға айналдым. Сонымен қатар, бұл жұмысыма кедергі келтірмейтін екінші қызметке кіріп, үш жылдан бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жатақханасында күзетші ретінде жұмыс істеп келемін, - деді Абзал Қасенов.
Өзге күні тоқты тұсауға салатын ағамыз өз кезегімен күзетшілікке түскен кезде студенттермен тілдескен ұнайтынын айтады. Сондай-ақ, түнделетіп кешіккенде "ағай-апайлап" тұратын студенттердің еркелігіне кешіріммен қарайтынын да жасырмады.
Адамдармен тілдесіп, ой бөліскен өзіме ұнайды. Қазір көздерінде жалыны бар студенттермен сөйлесіп, жақсарып қаламын. Маған керек жұмысты таптым деп ойлаймын. Ал олардың кешіккендеріне келсек, қашан да адамгершілікке салып, түсінуге тырысамын. Ешкім еріккеннен кеш қалмайды. Біразының жұмысы бар. Кейде алдын ала ескертіп те қояды. Менің де үйде балаларым бар. Оларды біреу далада қалдырса қиын ғой. Сондықтан адамгершілікке салып қарау керек деп ойлаймын, - дейді ол.
"Адамның жақсысын ит пен бала біледі" демекші, балалықтан енді есейе берген студенттер де Абзал ағаның мұндай кеңпейіл көңілін байқап, өздері де оған бауыр басқан. Бүгінде бар жастар ол кісіге үлкен құрметпен қарайды. Тіпті оны жұмыс бабымен басқа ғимаратқа ауыстырмақ болғанда да, өздері өтініш айтып, жатақхана қабырғасында алып қалған.

Қос жұмысты қатар алған Абзал аға тағы бір ерекше қасиетке ие. Ол ішкі жанымен ақын адам. Көпшілікке "ақынмын" деп кеуде соқпағанымен, қайда жүрсе де ойына өлең оралатын дарыны бар. Мұндай қасиет оған қанмен келсе керек. Атасы Қасен суырып салатан әйгілі айтыскер, ал әкесі Қуандық сықақ өлең жазатын ақын болған. Кейіпкеріміздің айутынша, Әзілхан Нұршайықов Шығыс Қазақстанға барған бір сапарында ол кісінің әкесімен танысып, оның өлеңдерін оқыған соң, Алматыға шақырған екен. Алайда қара шаңырақ иесі болған Қуандық ауылдан шыға алмапты.
Десе де, бала Абзал бойда бар қасиетті басында білмеген. Тіпті, оның тілінің өзі кешеулеп бес жасында бір-ақ шыққан.
Бұрындары тақпақ айтып жүргеніммен, өлең шығармайтынмын. 84-жылы әскерден ағам келіп, аттан құлап қайтыс болды. Сонда бірінші рет өлең шығардым. Ағамның жетісін беріп жатқан күні мен қой кезек жайлап кеттім. Ішімде шер. Ол бойыма сыймай тұр. Содан түсте тамақ алуға үйге келіп, жасыл қарандаш пен бір блокнот алып кеттім. Әлгі ойымның барын қағаз бен қаламды шимайлап отырып жаздым. Оны ертеңіне әкеме көрсетіп едім, сен де "ақын екенсің ғой" деп басымнан сипады, - деп бір тебіреніп алды ол.
Бұл оқиғадан кейін Абзал аға поэзиядан алыстаған емес. Сым жалғап, электрик болса да, жатақхана тыныштығын күзетіп отырса да, кез келген сәтте ойға оралған өлеңді жазуға кіріседі.