Павлодар облысының Май ауданында тұратын 80 жастағы мүмкіндігі шектеулі азамат мемлекет тарапынан бөлінетін арба мен гигиеналық құралдарға жарымай жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Жауапты мекеме өкілдеріне мәселені айып барғанда оған арба алу үшін үш айға жәрдемақыдан бас тарту ұсынылған. Бұл туралы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғаумен айналысатын «Алтын бата» қоғамдық ұйымының өкілдері хабарлап, дабыл қақты.
Бұл оқиға туралы көшпелі кездесу барысында білдік. Қарияның баласы көмегімізге жүгініп, әкесін күтіп жүргенін жеткізді. Ер азамат ресми түрде әкесінің жеке көмекшісі ретінде бекітілген. Зағип жан биыл қос аяғынан айырылып қалған. Енді оған арба мен жөргек сияқты гигеналық құралдар керек. Оған қоса, мүгедекке аяқ ампутациясынан кейін медициналық көмек, оңалтудан өту қажет. Ал аудандық аурухана мамандары оңалту бойынша жеке жоспарды өзгертудан бас тартқан. Олардың айтуынша, мемлекеттік көмекке ие болу үшін азаматтың диагнозын «жүре алмайтын» деп өзгерту керек. Ал диагноз жаңартылған соң жәрдемақы рәсімдеу үшін үш ай өту қажет, - дейді бірлестік өкілдері.
Жәрдемақымен күн көріп отырған отбасы үшін айлап күтуге мүмкіндік жоқ. Мәселеге қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері түсінік берді.
Азамат аяқ ампутациясы бойынша азаматқа екі рет операция жасалды. Бір апта бұрын баласы гигиена құралдары мен мүгедек арбасын бөлуді сұрады. Сәйкесінше, травматолог-ортопед дәрігеріне жолдама берілді. Қазіргі уақытта оңалту жөніндегі жеке жоспарға түзетулер енгізіліп жатыр. Науқас пен оның жеке көмекшісі жәрдемақылардан айырылмайды, - деп хабарлайды басқарма басшысы Әнуар Бұйрашев.