Қорқыту мен бопсалау арқылы некеге мәжбүрлеу қылмыс саналады – омбудсмен

Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде Қазақстандағы некеге мәжбүрлеу мен сталкинг мәселелері талқыланды. 

Бүгiн 2026, 11:04
АВТОР
 shutterstock Бүгiн 2026, 11:04
Бүгiн 2026, 11:04
119
Фото: shutterstock

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Мәжілісте өткен талқылауда некеге мәжбүрлеу және сталкинг мәселелері мемлекет назарындағы маңызды тақырыптардың бірі екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Омбудсменнің сөзінше, некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты тарапынан алғаш рет 2023 жылы көтерілген.

Бұл мәселеге БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитеті, Азаптауларға қарсы комитеті және Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитеті де алаңдаушылық білдірген болатын. Бұған қоса, БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры 2014 жылы Қазақстандағы жағдайға арнайы шолу дайындаған, – деді ол.

Артур Ластаевтың айтуынша, бастама әзірленген кезде Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан заңнамаларында қалыңдық ұрлағаны үшін жауапкершілік қарастырылған болатын. Қазақстанда бұл мәселені реттеу үшін Бас прокуратура, ҰҚК, Сот әкімшілігі, Әділет министрлігі және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп тиісті түзетулер әзірленді.

Нәтижесінде Президент 2025 жылғы 16 шілдеде некеге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізетін заңға қол қойды. Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бап енгізілді.

Омбудсмен қабылданған нормалардың көрші елдер тәжірибесінен ерекшелігі олардың кешенді сипатында екенін атап өтті. Қазақстанда жауапкершілік тек қалыңдық ұрлау фактісі үшін ғана емес, сонымен қатар күш қолданамын деп қорқыту, мүлікті жою қаупін төндіру, бопсалау арқылы некеге мәжбүрлеу секілді барлық әрекет үшін қарастырылған.

Сонымен қатар заң әйелдерді ғана емес, ер азаматтарды да некеге мәжбүрлеуден қорғайды.

Бұл халықаралық стандарттарға және гендерлік теңдік қағидатына сәйкес келеді. Мұндай тәсіл жынысына қарай кемсіту тәуекелдерін болдырмайды және әр азаматтың құқығын қорғауға бағытталған мемлекеттің ұстанымын көрсетеді, – деді Артур Ластаев.

Жиында сталкинг мәселесі де көтерілді. Омбудсменнің айтуынша, қазіргі уақытта институт әйелдер құқықтарын қорғауға арналған монография әзірлеу жұмысын аяқтап жатыр.

Еңбекте халықаралық стандарттар талданып, оларды ұлттық заңнама мен құқық қолдану тәжірибесіне енгізу тетіктері қарастырылған.

Сондай-ақ әйелдер құқықтарын қамтамасыз етудің институционалдық механизмдері, зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, гендерлік және экономикалық теңсіздік мәселелері қамтылған.

Монографияда әлеуметтік осал топтағы әйелдердің, оның ішінде бас бостандығынан айырылған әйелдердің құқықтарын қорғау, сот төрелігіне қол жеткізу, әлеуметтік кепілдіктер мен мемлекеттік қолдау тетіктері де зерттелген.

Артур Ластаевтың айтуынша, зерттеу аясында кешенді социологиялық сауалнама жүргізілген. Монографияны жақын уақытта аяқтау жоспарланып отыр. Кейін құжат Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының ресми сайтында жарияланады.

Омбудсмен институты әйелдер құқықтарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізуді және оларды қорғау тетіктерін жетілдіру бағытындағы жұмысты жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Біз бұған дейін қыз алып қашқан жігіт қана емес, қасындағылар да сотты болуы мүмкін екені жайлы жазған едік.

Наверх