Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қорғанысқа кеткен 600 млрд қайда жұмсалып жатыр? – министрлік жауабы

Олжас АДАЙ
7 Тамыз 2025, 10:14
1234
Бөлісу:
 жасанды интеллект/ BAQ.KZ
Фото: жасанды интеллект/ BAQ.KZ

Жыл сайын қорғанысқа бөлінетін бюджеттік қаражат көлемі артып келеді. Мәселен, 2025 жылы бұл мақсатқа 600 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми жауабына сүйенсек, Қазақстан қорғаныс-өнеркәсіп кешенін қайта құрып жатыр: басымдық – экспорттан бас тарту, жергілікті өндірісті дамыту және жекелеген елдерге тәуелділікті азайту.

Жаңа серіктестер және ынтымақтастықтың жаңа логикасы

Қазақстан әскери-техникалық салада 12 халықаралық келісімді қолдайды. Серіктестер қатарында Армения, Беларусь, Грузия және басқа елдер бар. Алайда қазір негізгі бағыт – технологияны беруге және өндірісті жергіліктендіруге қабілетті елдермен жұмыс істеу.

Бүгінгі таңда Түркия, Франция, Қытай, Сербия, Оңтүстік Африка Республикасы және басқа да елдердің жоғары технологиялы қару-жарақ пен әскери техника өндірушілерімен тұрақты байланыс орнатылған, – делінген министрлік жауабында.

Қазақстанда не шығарылады және бұл процеске кімдер қатысады

Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кезең-кезеңімен дамымақ. Бұл бағытта мемлекет қаржыландырумен қатар, әріптестік жобаларға сүйеніп отыр. Ескі зауыттар жаңартылып, жаңалары іске қосылуда.

Түркиялық Turkish Aerospace Industries (ANKA дрондары), ASFAT және YDA Group (корабльдер мен кеме жасау зауыты), MKEK (жарылғыш заттар мен оқ-дәрілер), сондай-ақ OTAKAR (8×8, 4×4 бронетехникасы) секілді компаниялармен бірлескен өндірісті жергіліктендіру мәселелері пысықталып жатыр, – деп нақтылады Қорғаныс министрлігі.

Соңғы бес жылда қорғаныстық тапсырыстың сыртқы экономикалық құрылымы айтарлықтай өзгерді. Сонымен қатар отандық өндірушілердің рөлі артып келеді: KPE, Tynys, Semey Engineering.

Қазіргі арсеналда – заманауи дрондар (Bayraktar TB2, ANKA), бронетехника (Arlan, Barys, Alan), әскери-көлік ұшақтары (A400M, C295), әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері («Бук-М2Э», «Тор-М2»), оқ-дәрілер бар.

5 жылда не өзгерді?

2021 жыл: Airbus компаниясымен екі A400M ұшағын жеткізу туралы келісім жасалды;
2022 жыл: KPE құқық қорғау органдарына жаңа Alan-2 және Barys броневиктерін жеткізді;
2023 жыл: Turkish Aerospace шығарған үш ANKA дронының біріншісі Қазақстанға жеткізілді;
2025 жылғы қаңтар: Қытайдың Yesil Technology компаниясы Қазақстандағы дрон өндірісіне 12 млн доллар инвестиция құйды.

Caspian Policy Center деректеріне сүйенсек, 2020-2023 жылдар аралығында ресейлік жеткізушілердің үлесі 48%-ға дейін төмендеген, ал Еуроодақ елдерінің үлесі 47%-ға жеткен. Бұл – Қазақстанның қорғаныс саясатының қайта бағдарланып жатқанын білдіреді. 2022 жылғы тамыздан бастап Қазақстанда әскери және қосарлы мақсаттағы өнімдердің экспортына толық тыйым салынған. Мақсат – қайталама санкциялар қаупін төмендету және ішкі жаңғыртуға басымдық беру.

Қазақстан сыртқы нарықтың орнына ішкі қуаттарды дамытуға, жеткізу тізбегін бақылауға және геосаяси өзгерістер жағдайында орнықтылықты қамтамасыз етуге күш салып отыр.

Қазақстан жаңа үлгідегі қорғаныс-өнеркәсіп кешенін қалыптастырып жатыр – бұл ұзақмерзімді орнықтылық пен өз бетінше дамуға негізделген жүйе. Салалық министрліктің бағалауынша, бұл онжылдықтарға жететін «технологиялық база» қалыптастырып, елдің қорғаныс қабілетімен қатар өнеркәсіптік әлеуетін де арттырады.

Өзгелердің жаңалығы