Қорғаныс министрлігінің ақпараттық «десанты» Ақтау гарнизонында болды

16 Ақпан 2023, 21:12
811
Бөлісу:
Қорғаныс министрлігінің ақпараттық «десанты» Ақтау гарнизонында болды
PHOTO
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінде болды. Сарбаздармен кездесу барысында ол әскердегі қызмет қандай мүмкіндіктер мен перспективалар ашатыны туралы хабардар етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен меморандум жасалып, мерзімді әскери қызмет кезеңінде азаматтардың несиелері бойынша төлемдерді «тоқтату» алгоритмі әзірленді. Қырықтан астам жоғары оқу орнымен Отан алдындағы әскери борышын өтеген жастар үшін білім беру преференциялары туралы келісімдерге қол қойылды. 

Биылғы жылы жоғары оқу орындары Қарулы күштер қатарында белгіленген мерзімде қызмет еткендерді тегін оқыту үшін үш мың орын бөліп отыр. Квоталар үздіктердің үздігіне берледі. Бұл сендер үшін үлкен ынталандыру, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев әскери теңізшілермен кездесуде. 

Жауынгерлік даярлық пен жүктелген міндеттерді орындауда жоғары нәтижелерге қол жеткізген, үлгілі әскери тәртібі бар әскери қызметшілер оқу орнының квотасы есебінен ЖОО-да оқу үшін әскери бөлім қолбасшылығының ұсынымын ала алады. Қолданыстағы регламент бойынша оқу орнына жіберу туралы шешімді Қорғаныс министрлігінің комиссиясы қабылдайды.

Қорғаныс министрлігінің ақпараттық «десанты» Ақтау гарнизонында болды

Астана қаласының «Сарыарқа» қорғаныс істері жөніндегі аудандық басқармасынан шақырылған матрос Байболсын Құдыш елордалық жоғары оқу орнына түсуді армандайды:

 Өз болашағымды Astana IT University-імен байланыстырғым келеді. Бала күнімнен бейнемонтажбен айналысамын. Аталған оқу орнында заманауи технологияларды игеріп, осы бағыттағы жұмыстарды дамытатын боламын деп ойлаймын.

Қорғаныс ведомствосы Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары капитан Людмила Перякина әскери теңізшілерге әскери қызметшілерді тегін жоғары білім алуға ұсыну үшін іріктеудің ашықтығы қалай қамтамасыз етілетіні туралы айтып берді. 

  Сіздердің әрқайсыңыз Қорғаныс министрлігінің «Мерзімді қызмет 2.0» сайтының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, өз деректеріңізді таба аласыздар. Бұл алаңда жауынгерлік, әскери-кәсіптік даярлық және әскери тәртіп нәтижелері бойынша ұпайлар көрсетіледі, – деп түсіндірді ол. 

Сондай-ақ, Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмадиев кездесуге қатысушыларға Қорғаныс министрлігінің білім беру жеңілдіктері жөніндегі жобасын отандық IT компаниялар қолдағанын жеткізді. Олар әскери бөлімдерге әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарына түсуге дайындалуға көмектесетін планшеттер мен ноутбуктерді сыйға тартқан.

Өзгелердің жаңалығы