Қорғаныс министрлігінде «Әскерде нөлдік өлім» бағдарламасы әзірленеді

6 Маусым 2022, 21:28
1352
Бөлісу:
Қорғаныс министрлігінде «Әскерде нөлдік өлім»  бағдарламасы әзірленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов кеңес өткізіп, оның барысында жазғы оқу кезеңінің басталуына байланысты міндеттерді нақтылады.

Қорғаныс ведомствосының басшысы жауынгерлік даярлықты қайта жаңғырту аясында сабақтарды сапалы ұйымдастыруға, жеке құрамның оқу бағдарламаларын толыққанды іске асыруына, оқыту процесіне барлық әскери қызметшілерді қатыстыруға назар аударды.

Әскери қызмет қауіпсіздігі жеке мәселе ретінде көтерілді. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери қызметшілердің жарақаттануы мен қаза болуы мәселелеріне тоқталды. Ол бейбіт уақытта мұндай фактілерге жол берілмейтінін және барлық лауазымды тұлғалар мұндай жағдайларды болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдауы керек екенін атап өтті.   

Әскери қызметтің тұтастай алғанда, қауіп төндіретін көптеген факторлармен байланысты екендігі атап өтілді. Сонымен қатар, армия қоғамның бір бөлігі болғандықтан, бірқатар жағымсыз құбылыстар азаматтық өмірден Қарулы күштердің қатарына ауысып жатады. Осыған байланысты жеке құрамның қаза болуы мен жарақаттану себептеріне жан-жақты талдау жүргізетін «әскерде нөлдік өлім-жітім» бойынша шаралар кешенін әзірлейтін жұмыс тобын құру тапсырылды.

Бағдарламаны әзірлеуге Қорғаныс министрлігінің лауазымды тұлғаларын, ардагерлер ұйымдарын, білім беру және медициналық мекемелердің өкілдерін, психологтарды да тарту қажет. Осы бағдарламаны іске асырудың негізгі нысаналы индикаторы Қарулы күштерде қаза табу фактілерін толық жою болуға тиіс.

Кеңес барысында Қорғаныс министрі тілсіз жауды сөндіріп, жалын ішінде қалған адамды құтқару кезінде батылдық танытқан келісімшарт бойынша әскери қызметшілер ефрейторлар Абылайхан Омаров пен Талғат Әбжановты «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапаттады. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов аталған әскери қызметшілердің төтенше жағдайда шапшаң қимылдап, дер кезінде көмекке келе алған ерлігін мысалға келтірді.

Өзгелердің жаңалығы