Қорғаныс министрлігінде «Әскер Медиа-2023» республикалық баспасөз фестивалі өтті

11 Қараша 2023, 18:10
709
Бөлісу:
Қорғаныс министрлігінде «Әскер Медиа-2023» республикалық баспасөз фестивалі өтті
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталмыш шараға ҚР Президентінің кеңесшісі - Президент баспасөз хатшысы Берік Уәли, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, өзара қарым-қатынас органдарының өкілдері, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары, журналистер мен блогерлер қатысты.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов фестивалге қатысушыларға арнап сөз сөйледі.

Мұндай жобалар бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді, азаматтардың армияға деген ашықтығы мен сенімін арттырады. Әскер тақырыбын қозғап жүргендерге алғысым шексіз. Сіздерге жаңа жобалар мен шығармашылық табыстар тілеймін, – деді ол мерзімді басылым, телевизиялық, электрондық, радио БАҚ журналистеріне, фототілшілер мен блогерлерге арнаған сөзінде.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтті. «Қызмет етемін» бағдарламасының және «Ақсауыт» бағдарламасының продюсерлері Юлия Василенко мен Сәуле Мықтыбаева және «Сарбаз» порталының бас редакторы Тимур Кубеков министрдің атынан алғыс хаттар алды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Елдос Нәшірәлі әскери журналистика ардагерлерін құттықтап, «Ақпарат саланың үздігі» төсбелгісін Сапарғали Жағыпаровқа, Қайыр Дүнбаяновқа тақты және Дулат Молдабаевқа Құрмет грамотасын табыс етті.

Қорғаныс министрлігі республикалық баспасөз фестивалін төртінші рет өткізіп отыр. Қазылар алқасы да ережеге сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан 31 қазанына дейін БАҚ-та жарияланған жұмыстарды қарады. Оларды бағалау кезінде автордың кәсіби шеберлігі, тақырыптың өзектілігі, материалды беру ерекшелігі мен өзіндік мақам ескерілді.

«Бес қару» – үздік телевизиялық бағдарлама номинациясында «Еуразия бірінші арнасы» телеарнасынан Әйгерім Мұздыбаева жеңіске жетті.

Радиодағы үздік жұмысы үшін «Дауылпаз» номинациясында Qazradio радиожурналисі Бағдагүл Рахметқызы үздік деп танылды.

Баспа басылымындағы үздік жұмысы үшін «Алдаспан» номинациясында "Egemen Qazaqstan" газетінің журналисі Ескендір Зұлқарнайдың жұмысы үздік атанды.

Қазылар алқасы «Сөзсемсер» номинациясында Inbusiness.kz. ақпараттық агенттігінің қызметкері Максим Морозовтың жұмысына үздік баға берді.

Үздік фотожұмысы үшін «Рауан» номинациясында «Литер» газетінің фототілшісі Павел Михеевтің суреттері көш бастады.

Блогерлердің «Қамшыгер» деп аталатын санатында блогер Тимур Асылханов жеңіске жетті.

Үздік әскери шолушыны анықтайтын «Ділмар» номинациясында қазылар алқасы "Sputnik.kz" ақпараттық агенттігінің журналисі Александр Мирогловтың жұмысына басымдық берді.

Бұл салада жаңадан көрініп жүрген жас журналистер де қазылар алқасына өз жұмыстарын жіберді. «Жас өркен» санатында Еркеназ Ханатбай жеңіске жетті.

Байқауға 30-дан аса бұқаралық ақпарат құралынан 200-ден аса өтінім келіп түсті. Жеңімпаздар сегіз номинация бойынша анықталып, олар дипломдар, арнайы статуэтка, ақшалай сыйақы және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы