Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қорғаныс министрлігі: Енді жігіттерді көшеде ұстап алып, әскерге алып кетпейді

2 Қыркүйек 2025, 16:40
1163
Бөлісу:
 Қорғаныс министрлігі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда бұдан былай көшеден ұстап алып, ешкімді мәжбүрлеп әскерге алып кетпейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Айтуынша, 16 шілдеден бастап СМС-хабарлама әскерге шақырылушыларды хабардар етудің тиісті заңды тәсілі ретінде танылды. Яғни бұл хабарлама әскерге шақыру пунктіне келу үшін «цифрлық шақыру» болып саналады.

Заң бәріне ортақ. Азаматтардың заңмен бекітілген құқықтарының бұзылуына жол бермейміз. Жаппай ұсталу болмайды. Бұл – адам құқығы мен Конституция талаптарына қайшы әрекет. Жалпы алғанда, мемлекет бұл бағыттағы жұмыстарды мектеп кезінен бастап қолға алды: бастапқы әскери дайындық сабақтары мен түрлі іс-шаралар арқылы жүзеге асырып жатыр. Ал енді әскерге шақырылушыларды жаппай ұстау мәселесіне келсек, мұндайға жол берілмейді. Біз көктемгі әскерге шақыру науқанына қатысты бұйрық алдық. Сол кезде де жаппай ұстау болған жоқ. Жоғары оқу орындары мен колледждерді енді ғана бітіргендер әскерге шақырылмады, тек өз еркімен баруға ниет білдіргендер ғана шақырылды, - деп атап өтті ведомство өкілі.

Айта кетерлігі, шақыру келу күніне дейін кемінде күнтізбелік үш күн бұрын ұялы байланыстың абоненттік нөміріне және «электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының кабинетіне мәтіндік хабарлама арқылы шақыру қағазын жіберу жолымен жүзеге асырылады.

Ұялы байланыстың, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген абоненттік нөмірі туралы мәліметтер болмаған жағдайда, қағаз жеткізгіштегі шақыру қағазы қолма-қол жеткізіледі не тұрғылықты жері тіркелген мекенжай, уақытша тұратын (болатын) жері немесе жұмыс орны бойынша пошта арқылы жіберіледі. Жергілікті әскери басқару органдарының уәкілетті адамдары, ұйым басшысы не пошта операторының курьері шақыру қағазын әскери қызметке шақырылуға жататын азаматқа оның қолын қойғыза отырып, жеке өзіне тапсырады, - деді Фархат Айдарбаев.

Өзгелердің жаңалығы