Қорғаныс министрі үздік әскери қызметшілерді марапаттады

25 Қазан 2023, 19:33
770
Бөлісу:
Қорғаныс министрі үздік әскери қызметшілерді марапаттады
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Салтанатты жиынға қорғаныс ведомствосы, Қарулы Күштер түрлері, әскер тектері, әскери бөлімдер мен мекемелер, оқу орындары басшылық құрамының, әскери қызметшілердің, азаматтық персонал өкілдері және Қарулы Күштер ардагерлеріқатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жиналған қауымға арнап сөз сөйлеп, жеке құрам мен ардагерлерді ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.

Осында жиналғандардың көбі – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы алғашқы тарихи қадамдардың қалай басталғанын көргендер. Еліміз БҰҰ-ға мүше болған кезде Мемлекеттік рәміздер бекітілді, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Өз өмірін бостандық үшін күреске арнаған қазақ халқының зиялы қауымының адал есімдері ақталды. Бұл шаралар мемлекеттің тұрақты дамуының, оның халықаралық беделі өсуінің, елдегі бірлік пен келісімнің нығаюының кепілі болды, – деп атап өтті ол.

Қорғаныс ведомствосының басшысы Қарулы Күштердің бейбітшілікті сақтаудағы және елдің қорғаныс қабілетін нығайтудағы рөлін, сондай-ақ ардагерлердің егемен Қазақстан армиясының қалыптасуына және әскери-патриоттық тәрбие ісіне қосқан баға жетпес үлесін ерекше атап өтті.

Республика күніне орай Ақордада Қарулы Күштер Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев әскерлерді басқару және елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету ісіндегі жетістіктері үшін I дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Бірқатар әскери қызметшілерге Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов мемлекеттік марапаттар табыс етті. Атап айтқанда, II дәрежелі «Даңқ» ордендері Бас штаб бастығының орынбасары – Жедел жоспарлау департаментінің бастығы генерал-майор Марат Аймашевқа және «Астана» Өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевқа берілді.

Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасы инженерлік әскерлер бас басқармасының бастығы полковник Бақытбек Тәжібаевқа II дәрежелі «Айбын» ордені табыс етілді.

Семей қаласы Әуе қорғанысы күштері 54835 әскери бөлімі тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімінің офицері лейтенант Нәзира Әлбосынова азаматтық және әскери борышын үлгілі орындағаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Астана қаласы Қару-жарақ бастығының басқармасы 83205 әскери бөлімінің техник-жүргізушісі сержант Ерік Ысқақов еліміздің қорғаныс қабілетін, әскери қауіпсіздігін нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Ел қорғаны» медаліне лайық деп танылды.

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үздігі» төсбелгілерімен 68665 әскери бөлімінің маманы мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Еркебұлан Сейдахмет, Ақмола өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының аға сарбазы мерзімді қызметтің ефрейторы Илья Маматов марапатталды.

Президенттің Жарлығымен ҚР Қарулы Күштерінің 31 әскери қызметшісі мемлекеттік наградаларға ие болды. Ведомстволық марапат – «Ел қорғаны» медалін 27 әскери қызметші иеленді. «Минасыздандырудағы ерлігі үшін» төсбелгілер минадан тазартуға қатысқан 25 маманға берілді.

Алғаш рет «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үздігі» төсбелгісімен мерзімді қызметтің 70 әскери қызметшісі марапатталды.

Сондай-ақ, Қорғаныс министрінің бұйрығымен ҚР Қарулы Күштерінің 42 әскери қызметшісіне мерзімінен бұрын кезекті әскери атақ берілді.

Марапаттау рәсімінен соң Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концерт өтті.

Өзгелердің жаңалығы