Қорғаныс министрі қоғам өкілдерімен кездесті

3 Қыркүйек 2022, 03:14
911
Бөлісу:
Қорғаныс министрі қоғам өкілдерімен кездесті

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов қоғам қайраткерлерімен және кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен кездесіп, Қарулы күштердегі өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында Алматыдағы «Қазақстан ата-аналар одағы» РҚБ өкілі Бағила Балтабаева әскери ортада суицидтің алдын алу жөніндегі бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. 

Қоғам белсендісінің бұл ұсыныстары Қарулы күштерде жарақаттануды, қаза болуды және өзіне-өзі қол жұмсауды болдырмау мақсатында Қорғаныс министрлігі әзірлеген «Өміріңді сақта» бағдарламасын жүзеге асыруда ескерілетін болады. Бағила Балтабаеваның өзіне аталған бағдарламалық құжаттың орындалуын қадғалауды жүзеге асыратын жұмыс тобының құрамына кіруге ұсыныс жасалды. Сонымен қатар, Қорғаныс министрі таяу күндері мүдделі тұлғалардың қатысуымен ең өзекті мәселелер талқыланатын дөңгелек үстел өткізу жайлы тапсырма берді.

Қазақстан Қарулы күштері қызметкерлері кәсіподақтарының төрағасы Төрехан Ерденбековпен кездесуде азаматтық персоналды қаржылық қамтамасыз етудің аспектілері қаралды. Бұл – ең алдымен, жалақыны көтеру және оны жыл сайын индексациялау мәселелері. Азаматтық персонал үшін маңызды әлеуметтік фактор сыйақы беруді жүзеге асыру, сондай-ақ қаза тапқан немесе мертіккен жағдайда материалдық көмек белгілеу болып отыр. Азаматтық персонал қатарындағы әскери оқу орындарының оқытушылар құрамының жалақысын өсіру, сондай-ақ медицина мамандарына біліктілік санатын беру тәртібі де жеке талқыланды. 

Кездесу нәтижелері бойынша Қорғаныс министрі ведомствоның лауазымды адамдарына қажетті нұсқаулар берді.

Өзгелердің жаңалығы