Қорғаныс министрі CISM президентімен қазақ күресінен әлем чемпионатына дайындықты талқылады

10 Қыркүйек 2024, 22:09
392
Бөлісу:
Қорғаныс министрі CISM президентімен қазақ күресінен әлем чемпионатына дайындықты талқылады
Фото: gov.kz

Астанаға халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) делегациясы Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті мен Туризм және спорт министрлігінің бейінді комитетінің шақыруымен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына келді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов шетелдік делегация мүшелерімен кездесті. Делегация құрамында СІЅМ Президенті Ролим Фило Нилтон Гомес, Италияның CISM Бас хатшысы Роберто Реккия және CISM спорт директоры Голландия Қарулы күштерінің подполковнигі Ян ван ден Дул бар.

Кездесу барысында тараптар 2025 жылы әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен өтетін бірінші әлем чемпионатына дайындық мәселелерін, алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сәйкес ҚР Қарулы күштері әскери қызметшілерінің дене шынықтыру дайындығын дамытудың негізгі аспектілерін, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті мен CISM арасындағы ынтымақтастықтың көкжиегін талқылады.

ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік ұйымы мойындаған қазақ күресінің жандануы мен дамуы біз үшін үлкен маңызға ие. Біріншіден, бұл спорт түрі жауынгерлердің күші мен ерік-жігерін дамытады. Екіншіден, қазақ күресі халықтың ұлттық және мәдени құндылықтарын қалыптастыру тұрғысынан да маңызды. Біздің бастаманы қолдағандарыңыз үшін алғысым шексіз. Алдағы әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтетініне және әлем елдерінің әскерлері арасындағы достық байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Шетелдік қонақтар қазақ күресінен әлем чемпионатын өткізуге қызығушылық танытып, Астанада өтіп жатқан Көшпенділердің дүниежүзілік ойындарынан алған әсерлерімен бөлісті.

Айта кетейік, Conseil International du Sport Militaire – 141 елдің әскери қызметшілерін біріктіретін әлемдегі ең ірі пәнаралық спорт ұйымдарының бірі. Оның негізгі мақсаты – бейбітшілікті нығайту құралы ретінде қарастырылатын Қарулы күштерде спорт пен дене тәрбиесін дамытуға жәрдемдесу. Ұйымның ұраны – «Спорт арқылы достық».

Өзгелердің жаңалығы