Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы аумағындағы Қордай ауданының бірқатар ауылдарындағы тұрмыстық жанжалдың орын алғанына да бірер ай өтті.
Тұрмыстық жанжал деген статус алған оқиғаны базбіреулер ұлтаралық араздыққа, қақтығысқа теңеп, өздерінше баға да беріп бақты. Алайда билік бұл даудан жау іздеудің керек еместігін түсіндіріп, оқиғаны ресми тұрмыстық жанжал ретінде бағалады.
Әлемді елең еткізген төбелестің елімізге зияны тиді
Масаншыдағы қақтығыс кезінде көптеген нысандар бүлініп, тіпті бұл оқиғадан адам шығыны да орын алған болатын. Дер кезінде Қордайда төтенше жағдай жарияланғаны да белгілі. Ел ішінен жау іздемек болған кейбіреулердің аптығын басып, оқиғаның мәнісімен танысуды көздеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданына жұмыс сапарымен келіп, жағдаймен толық танысқаны да есте.
Қордайда болған оқиға халқымызды дүр сілкіндірді, бүкіл әлемді елең еткізді. Шыны керек, бұл жанжал мемлекетімізге, елімізге нұқсан келтірді. Абыройымызға зияны тиді. Енді тұтас ұлт болып осындай теріс тәжірибеден сабақ алуымыз керек. Ең алдымен, келешекте мұндай қасіретті болдырмау үшін тиісті шара қолдануымыз қажет. Қақтығыс болған жерде ешқашан, ешқандай даму болмайды. Бұл – заңдылық. Өкінішке қарай, облыс басшылары бұл заңдылықты дұрыс түсінген жоқ. Сондықтан облыс басшылары, соның ішінде құқық қорғау органдарының басшылары толығымен ауыстырылды, қызметкерлер жұмыстан босатылды. Жаңа басшылар тағайындалды. Солардың арасында Бердібек Сапарбаев бар. Бұл азаматты жақсы танисыздар. Тәжірибесі мол мемлекеттік қызметші. Оның алдында тұрған мақсат – тұрақсыздыққа түрткі болатын жағдайларды түбегейлі жою және өңірдің дамуына серпін беру, - деген еді Мемлекет басшысы өз ойын білдіріп.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлтаралық татулыққа сызат түсіруге болмайтынын да баса айтып, айыптыларды ұлтына қарамастан жазалау керектігін де ескерткен еді.
Шығынның көбісін "Щивон" қоры жапты
Жаппай төбелестен соң, жанжал туған аймаққа тағы бір мәрте барып, ахуалды көзбен көріп қайтқан едік. Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулеттің сөзінше, межелі мерзім ішінде Масаншы, Бұлар батыр және Аухатты ауылдарындағы төтенше жағдай кезінде 65 нысан зардап шеккен. Сондай-ақ 103 нысанға аздап зиян келіпті.
Олар толығымен қалпына келтірілді. Оның ішінде 71 нысан демеушілік, 32-сі иелерінің өз қаражаты есебінен жөнделді. «Нұр-Ниет» қайырымдылық қоры есебінен 600 мың теңгеге 42 үй және жергілікті кәсіпкерлердің қаржысымен 1,4 миллион теңгеге 29 үй жөндеу жұмыстарынан өткізілді. Қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге 3 мердігер анықталып ("Атырау ЖБИ-2005", "ДТА и К", "Темирстрой" ЖШС), ағымдағы жылдың 30 сәуірінен жұмыстарын бастады, - дейді ол.
Ресми мәліметтерге жүгінсек, қордайлықтарға материалдық резервтен 222,5 м3 ағаш және 5721,4 м2 профнастил таратылған. Тұрғын үйлері өрттен зардап шеккен 39 отбасына әлеуметтік көмек көрсетуге 20 677,8 мың теңге облыстық шұғыл шығындарға арналған резервінен бөлінді. Оның 36 отбасына 530,2 мың теңгеден жалпы сомасы 19087,2 мың теңге төленіп берілді.
Рүстем Рысбайұлының айтуына қарағанда, төтенше оқиғадан соң, көп ұзамай аймақтан "Щивон" қоғамдық қайырымдылық қоры құрылып, зардап шеккен ауылдардың мұқтаж отбасыларына 103,9 млн теңге қаржылай көмек көрсетілген. Мұның 5,5 млн теңгесін "Аулие-Ата-Демеу" корпаративтік қоры аударса, "Нұр Ниет" қоғамдық қоры – 8,9 млн теңге, "Самрұқ Қазына" АҚ 1 транш – 89,1 млн теңге көлемінде жәрдемдесіпті.
Қоғамдық қордан бөлек, қайтыс болған азаматтардың отбасыларына дүнген этномәдени бірлестіктері, Сортөбе мен Қаракемер ауылдарының тұрғындары және Қордай ауданының кәсіпкерлері тарапынан 4,7 млн теңге қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, қайтыс болған 9 отбасының 18 жасқа дейінгі балалары бар мүшелеріне асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақылар тағайындалды. Ағымдағы жылдың 29 сәуірінде Алматы қаласындағы тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсаған Қордай ауданы Өтеген ауылының тұрғыны Бекбол Кибаевтың жерлеу рәсімі жергілікті әкімдік тарапынан жүргізіліп, жақындарына қолдау шаралары жасалды, - деді аудан басшысы.
Ауылдардың ажары артуда
Қаракемер ауылдық округі ардагерлер алқасының төрағасы Ерғазы Бозжаев көрші тұрған Қаракемер ауылы мен Масаншы ауылы жастары арасында тұрмыстық қақтығыс болғанына өкініш білдірді. Ол мұнда тараптардан бірқатар кемшіліктер кеткенін де жасырған жоқ. Ең бастысы, тұла бойында бұла күші тасыған жастармен дер кезінде тиісті деңгейде жұмыстар жүргізіліп, барлық мәселе дұрыс жолға қойылған.
Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Тоқаевтың өзі бұл мәселені назардан тыс қалдырған жоқ. Ақсақалдармен кездесіп, өз ойларын ортаға салуға мүмкіндік берді. Салиқалы пікірлерімен өзінің салмақтылығын көрсеткен Президентіміз тиісті азаматтардың барлығына тапсырма беріп, бізге де жүктелген жауапкершілік жүгінің ауыр екенін аңғарта білді. Ендігәрі мұндай олқылық орын алмауы үшін жұдырықтай жұмылып жұмыстануымыз керектігін ескертті. Біздің еліміз көпұлтты мемлекет саналатыны екі бастан белгілі. Бірлік қай кезде де біздің қасиетті туымыз. Қазақтың "Ырыс алды – ынтымақ" деген сөзінің астарында зор мән жатыр. Тату елде дау болмайтыны, іргесі мығым мемлекетті жау алмайтыны аян, - дейді қария.
Ауыл ақсақалдары өз кезегінде жастар арасында бірлікті, достық пен татулықты сақтау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді екен. Ал кейінгі буын ақсақалдардың ойын құп алып, құлақ асуда. Ең бастысы, ауданда әлгіндей оқиғаның бұдан былай қайталанбауы үшін үлкендер жағы бар күшін салуға уағдаласқан.
Біздің елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс тұратыны мәлім. Солардың бірі – осы дүнген ағайындар. Әлгі қақтығыс кімге де болса абырой әкелмегені рас. Оны бәріміз жан жүрегімізбен түсініп отырмыз. Сол себепті де біз алдағы уақытта ел тыныштығының бұзылуына жол бермейміз. Қазіргі кезде ауылымызда бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жол жөнделуде, жаңа нысандар салынуда. Біз оған бек қуаныштымыз. Ауыз су мәселесі шешімін табатын кез де алыс емес. Одан бөлек, адамның басты байлығы – денсаулығы. Біздің Қаракемер ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория бой көтерді, - деген ардагерлер алқасының төрағасы медицина мекемесінде бүгінгі күннің талабына сай еңбектенетін өз ісінің мамандары жұмыс істейтіндігіне де сенімді.
Жергілікті билік өкілдері бұл ауылға табиғи газ құбыры тартылатынын да айтады. Қазақы қалпынан айнымаған құтты мекен – Қаракемерде осындай қыруар жұмыстар қолға алынып жатыр. Мұндағы жұрт талай уақыт көтерген өзекті мәселелер осылайша өз шешімін табуда.
Биыл 50-ге жуық дүнген жастары әскерге барады
Рас, Қордай ауданында орын алған тұрмыстық жанжал негізінен Масаншы мен Қаракемер ауылдарының жастары арасында болды. Сол кезде Масаншыдағы бірқатар нысандар өртеніп, зақынданды дедік. Ал бүгінде ауылда бүлінген тұрғын үйлер мен маңызды нысандарды қайта қалпына келтіруден өзге де жұмыстар атқарылып жатыр екен. "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолға алуымен мұнда спорт алаңы бой көтеріпті. Жасанды шөппен көмкерілген шағын футбол алаңы мен әткеншектер және жастарға арналған көше жаттығуын өткізуге қолайлы құрылғылар сән-сәулетімен алыстан көз тартады. Бас мердігер "Мастер Капстрой" ЖШС-нің аянбай еңбек еткені де байқалады. Қысқасы, бұл спорт алаңы – масаншылық жастар үшін үлкен олжа.
Масаншы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Хусейін Буларовтың айтуынша, қазір ауылды қайта қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Ауылдық округ бойынша бүлінген нысандарды қалпына келтіру мақсатында жалпы келісім шарт жасалған. Ондай санатқа 31 нысан еніп отыр. Олардың қатарында 22 жеке үй және 9 коммерциялық нысан бар. Жұмыстарды толыққанды шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланған екен.
"Шивон" деген қайырымдылық қоры құрылған. Олар мердігерлермен тиісті келісім-шарттарды жасасқан. Ал, мердігерлер нысан немесе үй иесімен келісімге келеді. Жұмыс осындай жүйемен жүргізіледі. Бұл жерде қайырымдылық қоры төртжақты келісімге қол қоятынын айта кеткен жөн. Ал ауылдың жасөспірімдері үшін арнайы келген мамандар қазақ тілін үйрету жұмыстарын жүргізуге ниетті. Олар он бес адамнан құралған топтарға мемлекеттік тілді меңгертуді көздеп отыр, - дейді Х.Буларов.
Сапарымыздың барысында білгеніміздей, округ жастары көбіне футбол және үстел теннисімен айналысады екен. Ауыл аумағында 10-15 үстел теннисі қызмет етіп тұр. Сонымен қатар мұнда 600 балаға арналған мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ауылдық округ бойынша жалпы төрт мектеп болса, оның біреуі қайтадан тұрғызылуда. Ауылдық округ құрамына 3 елді мекен кіреді: Күнбатыс – 1, Күнбатыс – 2 және Масаншы ауылы. Жалпы 19 мыңнан астам адам қоныстанған.
Жастардың әскерге барып, азаматтық борыштарын өтеуге деген ниеттері өзгерген деп ойлаймын. Өткен жылы әскерге барғандардың нақты саны есіме түспей тұр. Әйткенмен 10-15 жастың барғаны анық. Ағымдағы жылы округ бойынша 50 адамды әскерге жіберуді жоспарлап отырмыз. Мінәжат үйлеріне келсек, аталған үш ауылда 13 мешіт бар. Оларда уағыздар қазақ, орыс және дүнген тілдерінде айтылады, - деп көкейдегі сауалдарымызға да жауап берді ауыл әкімінің міндетін атқарушы.
Округ орталығындағы №50 мектепті биыл бітірген 20-30 түлек бар екен. Олардың 7-уі Алматыға оқуға түсіп, білім алуға ниет білдірсе, 2-уі Қытайдағы оқу орындарында білімін жалғастыруды жөн санапты. Тағы 7-уі Қырғыз Республикасының астанасы – Бішкек қаласында оқығысы келеді. Өйткені, Бішкек қаласы мұнда өте жақын орналасқан. "Диломмен – ауылға" бағдарламасы бойынша Күнбатыс ауылына екі маман келіпті. Алайда олар жергілікті тұрғындар емес.
Өзіңіз білесіз, дүнген ұлты қоныстанған Масаншы ауылы мен көрші Қаракемер ауылының жастары арасындағы тұрмыстық жанжал талайларға сабақ болды. Ал қазір көрші ауыл тұрғындарымен біздің жастар достық қарым-қатынаста араласады. Біз тіпті, ауыл жастары арасында спорттық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырған жайымыз бар. Айталық, олар жасыл алаңда кездесіп, футбол ойнаса несі жаман? Жаңа спорттық алаңда бірнеше ауылдың ақсақалдары футбол ойнады. Олардың қатарында қаракемерліктер де бар. Ақсақалдар дегеннен гөрі, бәлкім оларды спорт ардагерлері деген де дұрыс шығар, - дейді жергілікті басшылық өкілі.
Сондай-ақ мұнда бокс үйірмесі жұмыс істейді екен. 30-40 жасөспірім былғары қолғап шебері болуды армандайды. Алайда, қазіргі карантиндік шектеулерге байланысты ондағы жұмыс тоқтап тұр. Ауыл тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Картап, пияз, сарымсақ өсіреді. Өнімдерін Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларына өткеріп жүр.
Хусейн Буларовтың сөзінше, ауылда Мәдениет үйі де, музей де бар. "Йинпань" деп аталатын этномәдени орталығында түрлі іс-шаралар өтеді. Мысалы, Қазақстан халқының бірлігі күні, Жеңіс күні, халықаралық балаларды қорғау күні мерекелерінде дүнген ұлттық биін билеп, қазақ әндерін орындап, өнерлерін ортаға салған.
Жастармен жұмыс жолға қойылған
Кілең қазақ отбасылары қоныстанған, Масаншыға тиіп тұрған Қаракемер ауылдық округінің әкімі Жұлдызбек Бакаев достықты бәрінен биік қойған елімізде ендігәрі мұндай жағдай қайталанбауы керек деп біледі. Оның сөзінше, сол үшін ел азаматтары қолдарынан келгенше аянбай қызмет етуі керек. Осы орайда, бүгінде ауылдық округтегі барша жастармен нақты жұмыстар жүргізілген. Барлық мәселелер жан-жақты түсіндірілген. Жастар ресурстық орталығы мен әкімдік мамандары бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай бірлесе еңбек етіп келеді. Жастардың енді әлгіндей кикілжің, жанжалға бой алдырмауы керектігіне баса назар аударылған.
Қаракемер ауылдық округінде бүгінгі таңда 3700-ге жуық халық өзіара түсіністік пен ынтымақта ғұмыр кешуде. Ауылымызда көптеген игілікті істер атқарылуда. Мәселен, жақында іргесі қаланған дәрігерлік амбулатория меценат Қайрат Молдасейітовтің демеушілігімен салынды. Енді бірер күнде медицина мекемесінің салтанатты түрде ашылу рәсімі өткізіледі. Ғимарат ішіне тиісті медициналық құрылғылардың барлығы орналастырылады. Медициналық аппараттар мемлекет есебінен алынуда. Мекеменің құны шамамен 60 миллион теңгені құрайды. Бізде бұрыннан бір дәрігер болған. Енді қосымша тағы бір терапевт беріп жатыр. Одан бөлек екі мейірбике еңбек етпек. Штатқа сәйкес мекемеде 14 адам жұмыс істейтін болады, - дейді Ж.Бакаев.
Ауылдық округтегі ақсақалдармен жұмыс та біріздендірілген. Ол кісілер ауылдың қоғамдық өмірінен ешқашан тыс қалған емес. Ұдайы жастарымен кездесіп, ақылдарын айтып, бірлесе жұмыс атқарып отырады екен. Ақсақалдар алқасының төрғасы мен мүшелері әрқашан кейінгі буынның қасынан табылып жүргені.
Ауылдық округ әкімінің айтуынша, Қаракемер, Керу елдімекендерінде ойға алған істер жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Ең бастысы, татулық пен бірліктен, ынтымақтан ажырап қалмауымыз керек.
Осыны қолдан келгенше жастардың санасына құйып келеміз. Біздің мемлекетімізде қай кезде де адамдар арасындағы достық пен татулық секілді ұғымдардың құны басым екені баршамызға аян. Оны біз жан жүрегімізбен түсінеміз. Осыдан біршама уақыт бұрын орын алғандай кемшіліктерге алдағы күндерде жол бермейтін боламыз. Көрші ауыл тұрғындарының көңіліне, жүрегіне сызат түспеуі керек. Ауылымыздың азаматтары қазіргі уақытта жағдайды толық түсінеді, - дейді Жұлдызбек Бакаев.
Айта кетерлігі, ауыл тұрғындарың көкейінде жүрген көптеген түйткілдер уақытымен шешімін тауып келеді екен. Алдағы уақытта өзге де мәнді мәселелер тиісті деңгейде шешіле береді деген ойдамыз.
Қазақ тілін оқып жүр, талай дүнген баласы
Ауданда жүрген еріктілердің бірі Толқын Әбу Сортөбе ауылында қазақ тілін оқыту жұмыстарын бастап жатыр екен. Кеше бірінші топта елуден астам адамды оқытқан. Одан кейін келген екінші топтағылардың қатары одан да көп.
Ертең тағы адамдар саны артады деп ойлаймын. Бір байқағаным, қазақ тілін үйренуге ниеттілер саны өте жиі. Олардың қатарында балалар да, мұғалімдер де, үлкен кісілер де баршылық. Негізінен балалар үйінде жұмыс істеймін. Бұл жерге мен ерікті ретінде келдім, - дейді ол.
Толқын "Альфа Академия" дейтін оқыту орталығының атынан осы Сортөбе жерінде қазақ тілін үйреткенді жөн көрген. Негізі келушілерді топтарға бөлуге тиіс. Алайда сортөбеліктер бір топта оқығанды жөн көреді. Ал ерікті ол кісілерге әртүрлі тапсырмалар беріп, өз жұмысын атқаруда. Топқа бөлу кезінде жас айырмашылықтарына қарамайды. Өйткені қазақ тілін үлкендерден гөрі жетік меңгерген жас балалар да бар.
Сортөбеде өзіме жүктелген міндетті жаз мезгілінің соңына дейін атқармақ ниеттемін. Бұл ауылға Алматы қаласынан келдім. Сабаққа қатысуға ынталанып отырған ұстаздар да жеткілікті. Оларға грамматиканы үйретуді қолға алмақпын. Үш айдан кейін емтиханнан сүрінбегендер қазақ тілінің жеңілдетілген курсын оқығанын растайтын сертификат алады, - деді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ерікті.
"Мектеп оқушыларының біразы қазақша сөйлеседі"
Масаншы ауылындағы жақында ел игілігіне берілген спорт алаңымен танысып жүріп, №12 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Арса Хусармен кездестік. Білім ошағында 5-6 сынып оқушыларына сабақ береді екен. Ол оқушылардың барлығы дерлік футбол, волейбол, баскетбол секілді спорт түрлеріне әуестігін айтады. Шәкірттері аудандық деңгейдегі жарыстарда ойдағыдай нәтижелер көрсетіп жүр.
Балалар, әсіресе үстел теннисін жақсы ойнайды. Облыстық деңгейдегі жарыстарда шәкірттерім ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізді. Білім алушылардың барлығы дерлік дінге берік. Рамазан айында ауыз бекітетін иманды жасөспірімдеріміз жеткілікті. Көрші ауылдарға жиі барып тұрамыз. Спорт түрлерінен жолдастық кездесулер өткіземіз, кейде шағын жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Ең бастысы біздің ауылда спорт түрлеріне аңсары ауған жастар бар. Олардың саламатты өмір салтын ұстанып жүргендері бізді қуантады, - деді ол.
Осы мектептің тағы бір ұстазы Мариям Люшбарова бастауыш сыныптарға сабақ береді.
Мектебімізде екі сыныпта қазақ тілі оқытылады. Әрине, басқалар үшін жауап бере алмаймын. Бір анығы, өзім көрші Қаракемер ауылының тұғындарымен жақсы қарым-қатынас орнатқанмын. Балам Қаракемер ауылының балаларымен достық пейілде араласады. Олармен бірге футбол, баскетбол ойнап тұратыны бар. Өзімнің де достарым жеткілікті, - деп ағынан жарылды Мариям.
№12 мектепте қазақ және орыс тілдеріне оқыту жұмыстары жолға қойылған екен. Онда дүнген тілі оқытылмайды. Мариям қазақ тілін 50 пайыз жақсы біледі. Оның сөзінше, білім ошағындағы балалардың біразы қазақ тілінде сөйлесе алады. Өзінің туған қызы көрші қазақ ауылындағы балабақшаға барған. Ол да қазақ тілін бір кісідей біледі.
Білім ордасында 1875 оқушы бар, үш ауысымда оқиды. Мектепалды дайындық сыныбы ауысымдар арасындағы үзілісте білім нәрімен сусындайды. Ең бастысы балалардың бойында білімге деген құштарлық анық байқалады. Біздің көпшілігіміз қазіргі кезде мемлекеттік тілді мееңгеруге күш салудамыз. Бірлігі жарасқан елдің бағындырар биігі көп екенін анық түсінеміз, - дейді М. Люшбарова.
Ахуал реттеліп, проблемалар шешілуде
Қаракемер ауылының тұрғыны Бауыржан Дәулетқали жастар арасындағы қақтығыс талай жұрттың жүрегіне қаяу түсіргенін жеткізді. Оның пайымынша, төбелес – сол кездегі көңіл-күймен орын алған жағдайдың нәтижесі. Ең бастысы, қазіргі таңда сол ахуалды салқын баспен саралай алды жастар. Жанжал атаулының кімге де болсын абырой әпермесін баршасы түсінді. Енді жастар арасында татулық толық орнаған.
Бүгінгі күні көрші ауылдың тұрғындарымен жақсы қарым-қатынас орнатылған деп айтуға негіз бар. Көрген жерде сәлеміміз түзу. Масаншылық жастар қай кезде де құрақ ұшып келіп амандасып жатады. Жастардан бөлек үлкен кісілермен де дұрыс қарым-қатынастамыз. Адамдар бір-біріне алакөзденіп жүргенін байқаған емеспіз. Бәрінің бір-біріне деген көңілдері мен ниеттері түзу. Оны жүздерінен де аңғарамыз, - дейді ол.
Білгеніміздей, ілгеріде екі ауыл тұрғындарын татуластыру мақсатында арнайы дастархан жайылып, тамақ берілген екен. Сол кезде қос ауылдың тұрғындары бір-бірін сыйлап, төрге шығарып күтіп жатты. Бұл сол оқиғадан орын алған соң бір айдан кейін ұйымдастырылған іс-шара болған. Ол жерде жастар да, жасамыстар да татулық туын биік қоя білген.
Енді қазіргі таңда жағдай барынша реттелді. Көрші ауылдың жастарымен қаракемерліктер ешбір кикілжіңсіз достық қарым-қатынаста ғұмыр кешіп жатқанын сезінеміз. Жалпы қай тарап болсын түзу жолмен жүрсе, қандай да бір кикілжіңнің орын алмайтыны белгілі ғой. Менің түсінігімде адамдардың барлығы қазір жағдайды толық ой елегінен өткізген секілді. Сол арқылы ауданымызда орын алған келеңсіздіктің бәрімізге сын болғанын түсінген сияқты, - дейді Б.Дәулетқали.
Айта кетейік, көп ұлтты Қордай ауданының халқының саны 143500-ді құрайды. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 51058, жасөспірімдер саны – 6446, ересектер саны – 85996.
Биылғы 4 айда өнеркәсіп кәсіпорындары 5611,4 млн теңгеге (2019 жылдың осы кезеңінде – 4313,1 млн теңге) өнім өндіріп, нақты көлем индексі 101,3 %-ті құраған. Экономикалық қызмет түрлері бойынша өндірістің өсуі: сумен жабдықтауда – 124,6 млн теңге немесе 107,6 %, өңдеу саласында – 2698,0 млн теңге немесе 102 %, электрмен, газбен, бумен жабдықтау – 2008,0 млн теңге немесе 102 %.
Сәуір айында "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында 236 жобаға 1 0356 035 мың теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ аудан бойынша 2 641 уақытша жұмыс орындары оның ішінде 81 тұрақты жұмыс орындары ашылды. Жалпы алғанда ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеуі басты назарға алынып отыр. Өңірде өзге де салалар бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Ауданның жергілікті атқарушы билігі аймақтағы жоғарыда аттары аталған ауылдардағы қайта қалпына келтіру жұмыстарын жоғары деңгейде атқарып шығуды көздеп отыр. Төтенше жағдай кезінде барлық қолдауларды көрсеткен Президент пен облыс әкіміне жергілікті тұрғындар дән риза.