Қораны бес саусағындай білген: Жамбылда 72 қой ұрлаған бұрынғы қойшы ұсталды

Мал бірнеше рет ұрланған. Тергеу барысында күтпеген жайттар белгілі болды.

Бүгiн 2026, 15:07
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов Бүгiн 2026, 15:07
Бүгiн 2026, 15:07
209
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Жамбыл облысында полицейлер жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ірі көлемдегі мал ұрлығы әшкереленді. Байзақ ауданындағы шаруа қожалығының қорасынан бірнеше рет мал ұрланып, келтірілген жалпы шығын көлемі 72 бас қойды құраған.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің мал ұрлығы бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Полиция қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен үш ер адам анықталып, ұсталды. Олардың бірі қораның орналасуын және малды бағу тәртібін жақсы білетін, шаруа қожалықта бұрын қойшы болып жұмыс істеген, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Тергеу барысында ұрланған малдың бір бөлігі табылып, заңды иесіне қайтарылды.

Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Жалпы, Жамбыл облысында жыл басынан бері мал ұрлығы бойынша 18 қылмыс ашылып, 32 азамат ұсталды. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің жедел жұмысының нәтижесінде мал ұрлаумен айналысқан 10 адамдар тобының әрекетіне тосқауыл қойылды. 

Жамбыл облысы Полиция департаменті азаматтарды малдарының қоражайларына тиісті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етіп,  жауапкершілікпен қарауға және құқық бұзушылық деректері туралы дер кезінде полицияға хабарлауға шақырады.

Наверх