“Қоқысты көшеге тастай саламыз”: Смайылов қоқыс үйінділері жайлы

26 Қыркүйек 2023, 10:57
771
Бөлісу:
“Қоқысты көшеге тастай саламыз”: Смайылов қоқыс үйінділері жайлы
Фото: Үкімет

Бұл туралы үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Премьердің сөзінше, қалдықтардың жинақталып қалуы және стихиялық қоқыстардың пайда болуы өзекті экологиялық проблемалардың біріне айналып отыр.

Жағдайды жақсарту үшін әлемнің көптеген елі қалдықтарды қайта өңдеп, утилизация жасап жатыр. Тиісті инфрақұрылым жасалып, халықтың қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасқан. Бұл Еуропа елдеріне қалдықтарды өңдеу көрсеткішін 50%-ке жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгінде Швеция елі тұрмыстық қалдықтардың 99%-ін қайта өңдеп, пайдаға жаратып отыр. Ал, біз болсақ, әлі күнге дейін қоқысты жоюдың жинақтау немесе көму сияқты әбден ескірген әдісін қолданып келеміз, – деді Үкімет басшысы.

Смайыловтың дерегінше, жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болады.

Мыңдаған стихиялық қоқыс полигондары жағдайды қиындатып отыр. Әкімдіктер оларды жою үшін қомақты бюджет қаражатын бөледі. Қалдықтарды заңсыз тасымалдау және жинақтау фактілерін анықтауға арналған рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Заң талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері де ұлғайтылды. Алайда, атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз, – деді ол.

Үкімет басшысы қалдықтарды басқару саласындағы қазіргі ахуал өте күрделі күйінде қалып отырғанын айтады.

Осы күнге дейін заманауи қоқыс өңдеу зауыттары іске қосылған жоқ. Өкінішке қарай, бізде қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспады. Көп жағдайда қоқысты көшеге тастай салу қалыпты әдетке айналған. Қоқыс үйінділеріне қатысты ауылдардағы жағдай бұдан да күрделі, – деді Смайылов.

Өзгелердің жаңалығы