Қоқыс өңдеу зауытын салу полигон мәселесін де шешуге ықпал етеді

2 Ақпан 2023, 13:30
1823
Бөлісу:
Қоқыс өңдеу зауытын салу полигон мәселесін де шешуге ықпал етеді

Көкшетауда қоқыс өңдейтін зауыт құрылысы бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл туралы Түркияның ITC компаниясының қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорнының жұмысымен танысып қайтқан «KazakhstanInnovations» ҚҚ төрайымы, Көкшетау қалалық мәслихатының VII шақырылым депутаты Мәриям Әбішева айтып берді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл елде тұрмыстық қалдықтар қалай өңделеді? Қоқыс өңдеу технологиясы несімен ерекшеленеді?

–Түркияның Аланья қаласында орналасқан компанияның оннан астам қоқыс өңдеу зауыты бар, тәулігіне өңделетін қалдықтардың көлемі 400 тоннаны құрайды. Тәжірибе алмасу мақсатымен барған зауытта қоқыс қайта өңделетін және органикалық қалдықтарға сұрыпталады. Қалғанының бәрі арнайы бункерлерге түседі, онда өртелмей, 20 күннен астам уақыт 35 градус температурада ұсталады. Метан газын шығаратын процесс жүреді. Ол арнайы күмбезге жіберіліп, кейін тасымалданады. Сонымен қатар, қосымша электр энергиясын өндіреді.

Кәсіпорында үш ауысымда 120 адам жұмыс істейді. Сұрыптайтын – әйелдер, бүкіл технологиялық процесс автоматтандырылған, жүйе мониторлардан көрініп тұрады. Сонымен қатар, оларда құбырлар жоқ, қоқысты жағу әдісін қолданбайды, өйткені халық қоршаған ортаның ластануына сын көзбен қарайды.

Зауытқа барғаннан кейін біздің делегация Көкшетау қаласының әкімі және Түркия өкілдерімен Zoom арқылы конференция өткізді. Технологтар мен инженерлердің Қазақстанға келуі жоспарланған, мамандар қалдықтар туралы ақпаратты және біздің заңнамалық актілерімізді зерделейтін болады. Мұның бәрі әрине, біраз уақытты қажет етеді. Тіпті келісімге қол қойылса да, зауыт салу және іске қосу үшін 4 жылдан астам уақыт қажет.

Неліктен осы зауыт таңдалды?

–Бұл зауытты таңдаған себебіміз – олар аз көлемде жұмыс істейді. Бұған дейін бізге осы мәселе бойынша бірнеше инвесторлар келді, бірақ келісу қиын болды, өйткені олар өндіріс нормасына қанағаттанбады. Көкшетау тәулігіне орта есеппен 200 тоннаға жуық қоқыс шығарады, аталған компанияға бұл қолайлы, қоқыс қосымша Зеренді және Бурабай аудандарынан тасымалданады. Осылайша қажетті норманы толтырамыз. Түркияда қоқыс полигондары жоқ, олар тұрмыстық қалдықтарды сақтамайды. Сұрыптау кезінде шамдар, чиптер, телефондар, басқа да жабдықтар бөлек жиналады. Арнайы кәсіпорындар оларды утилизацияға тапсырумен айналысады. Зауыттың аумағы абаттандырылған, айнала түгел тап-таза, аулада раушан гүлдері өсіп тұр.

Қоқыс өңдеу қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

–Біздің тарапымыздан зауыт салу үшін жағдай жасау қажет. Өйткені шетелдіктер тәжірибе алмасуға, инвестиция салуға дайын, олардың өз жабдықтары, патенттелген технологиялары бар. Әрі біздің мамандарды оқытуға дайын. Бұл біздегі полигон мәселесін де шешуге ықпал етер еді. Зауытта өндірілетін табиғи газды көлікке және жылыту үшін пайдалануға болады. Айта кетейік, елімізде қоқысты толық өңдейтін зауыттар жоқ, тек елордада ғана бар. Онда сұрыптау, зарарсыздандыру, престеу жүргізіледі.  Одан әрі қоқыс полигонға түседі, ол жерде қалдықтардан аз мөлшерде газ өндіріледі. Бірақ түрік компаниялары сияқты заманауи технологиялар жоқ.

Әрине, келіссөздерге қарамастан,  түйткілді мәселелер де бар. Мысалы, Түркияда мемлекет мұндай жобаны қолдайды. Кәсіпорын қайта өңдеу арқылы өндіретін электр қуаты мен газды үкімет жоғары бағамен сатып алады. Елімізде мұндай қолдау шаралары қарастырылмаған. Әрине, біз өзімізге ыңғайлы бағытты таңдаймыз. Красный яр полигонында жер учаскесі бөлінуі мүмкін. Көлік прокуратурасы әуежай жақтағы полигонды жабу қажеттігі туралы мәлімдегені белгілі. Өйткені Экологиялық кодекс бойынша қауіпсіздік талаптары сақталмаған

 Мәслихат отырысында қараусыз қалған үй жануарлары паналайтын орындар ашуға қаражат бөлінгені туралы ақпарат айтылды, бұл жеткілікті ме?

– 30 млн теңге бөлінді. Менің ойымша, бұл ақша жеткілікті, бірақ мемлекеттік органдар да, еріктілер де қаладағы қаңғыбас иттердің нақты санын білмейді, мүмкін бұл шамамен 700-800 болуы мүмкін. Бұл қаражат қараусыз жануарларға арналған қоршаулар орнатуға жұмсалады. Бір қоршау 170 мың теңгеден тұрады. Жаңа баспанада жануарлар тамақтандырылады, чиптер қойылады, ветеринарлардың бақылауында болады, Олар біртіндеп зарарсыздандырылады, осылайша қаңғыбас жануарлардың көбеюін тоқтатамыз. Сонымен қатар, қала тұрғындарынан қаңғыбас иттерге қатысты көптеген шағымдар көп түсуде. Біздің еріктілер оларды тегін аулауға және баспанаға әкелуге дайын. Тағам жағынан көмектесетін мейрамхана иелеріне, ерлі-зайыпты еріктілер Антон Малей мен Ангелина Мелетенкоға алғыс білдіргім келеді. Үйлерінде 50-ге жуық ит-мысық ұстайтын олар қараусыз үй жануарларына салынатын баспана үшін жауапкершілікті өз мойындарына алды. Антон мамандығы бойынша құрылысшы. Достарымен бірге ол қоршаулар орнатуға көмектесті. Жаңа баспанада 45 ит бар. Еріктілер жануарларды бақылайды, күн сайын өздері тамақ тасиды. Жаңа ғимаратта біз ота жасайтын, жануарларға тамақ дайындайтын ас үй бөлмелерін жасағымыз келеді. Әрине, бізде еріктілер жетіспейді. Негізгі жұмысы бар адамдар келеді. Мысалы, Ангелинаның жеке кітап дүкені бар. Бірақ ерлі-зайыптылар күн сайын жануарларға арнайы уақыт бөледі. Сонымен қатар, медициналық қызмет көрсетеді.

Өңірде экологияға қатысты тағы қандай мәселелер бар?

– Бірнеше жылдан бері облыс орталығында экологияны жақсарту мәселелерімен айналысып келемін. Проблемаларды терең зерттеп, нәтижеге жеткізуге, қаражат бөлу қажеттілігін негіздеуге тырысамын. Біраз уақыттан бері айтылып келе жатқан қоқыс мәселесі де біртіндеп шешілуде. Көкшетауға қоқыс жинайтын бірнеше компания келді. Әрине, бәсекелестік орта жауапкершілікке ұмтылдырады. Олар облыс орталығында тәртіп орнатады деп ойлаймын.

Өңірде басқа да проблемалар бар. Айталық, Қопа көлін тазарту, бұл мақсатқа шамамен 20 млрд теңге қажет. Сондай-ақ, Бурабай ауданындағы Қылшақты өзені, су айдындары да тазартуды қажет етеді. Көкшетаудағы ауыз су сапасына тікелей әсері бар тазарту қондырғылары да әбден тозған күйде. Уақыт өте келе бұл өзекті мәселелер шешіледі деп үміттенемін.

 

Өзгелердің жаңалығы