Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ. Соңғы сегіз айда Қазақстанның жұмыс күші тапшы өңірлеріне 4 386 адам қоныс аударды.
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Еңбекке жарамды отбасы мүшелерінің ішінен 1652 адам жаңа тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналастырылды. Қоныс аудару Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Бағдарлама аясында еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандыру үшін Үкімет айқындайтын өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын адамдарға мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары қоныс аударушылардың шығу өңірлері болып айқындалды. Қабылдау аймақтары: Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, - делінген хабарламада.
Мемлекеттік бағдарлама аясында ерікті қоныс аударуға қатысушылар үшін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Атап айтқанда:
– көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК-тен бір жолғы төлем (92 мың теңге);
– 12 ай ішінде ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейін (39 мыңнан 79 мың теңгеге дейін) тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығындарды өтеу үшін отбасы мүшелерінің санына және жергілікті жерге байланысты төленеді.
Сондай-ақ, қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Солтүстік Қазақстан облысында жеке тұрғын үй құрылысының 714 нысаны салынады, Павлодар облысында қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 441 пәтер сатып алынады. 2020 жылы барлығы 5 825 адамды (1 631 отбасы) көшіру жоспарлануда.