«Қоңырау шалу, аңду, үйіне бару»: Қай кезде бұл әрекет қылмыс саналады?

9 Қазан 2026, 18:13
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/ЖИ 9 Қазан 2026, 18:13
9 Қазан 2026, 18:13
158
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ

Қазақстанда адамның келісімінсіз оны қайта-қайта қудалау, байланыс орнатуға әрекет жасау немесе аңду белгілі бір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сталкинг күш қолданумен ұштаспаса да, жәбірленушіге елеулі зиян келтірген жағдайда қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Алматы ауданы прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Азат Барболов мәлімдеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Прокурордың айтуынша, сталкинг адамның еркінен тыс онымен байланыс орнатуға немесе оны аңдуға бағытталған заңсыз әрекеттерден көрінеді.

Оған қайта-қайта қоңырау шалу, хабарлама жіберу, кездесуге ұмтылу, адамның үйіне немесе жұмыс орнына бару, оны күтіп тұру және аңду сияқты әрекеттер жатады. Адам байланыс орнатудан бас тартқан жағдайда да оның қыр-соңынан қалмай қудалау сталкинг белгілерінің бірі болуы мүмкін.

Алайда әрбір қоңырау немесе хабарлама автоматты түрде қылмыстық құқық бұзушылық болып саналмайды. Құқықтық баға беру кезінде әрекеттің сипаты мен қайталану жиілігі, адамның келісімінің болмауы, келтірілген зиянның елеулілігі, сондай-ақ қудалау әрекеттері мен оның салдары арасындағы себеп-салдарлық байланыс ескеріледі.

Сталкинг үшін қандай жаза бар?

Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес, сталкинг жасаған адамға 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл, түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейінгі қамақ жазасы тағайындалуы мүмкін.

Сонымен қатар сот жәбірленушіні қорғауға бағытталған қосымша шаралар қолдана алады.

Сот тәжірибесінде сталкинг жасаған адамға жаза тағайындаумен қатар, жәбірленушіні қорғауға бағытталған қосымша шаралар да қолданылуда. Мәселен, Астана қаласының сотында қаралған іс бойынша сотталушы 80 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылып, оған алты ай мерзімге жәбірленушіні іздеуге, қудалауға және онымен байланыс орнатуға тыйым салынған, – деді Азат Барболов.

Қылмыстық кодекстің 98-3-бабына сәйкес, сот адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілей алады. Істің мән-жайына қарай жәбірленушіні іздеуге, қудалауға, оған баруға, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс орнатуға тыйым салынуы мүмкін.

Прокурордың айтуынша, егер адам қайта-қайта қалаусыз қудалауға тап болса, қоңыраулар мен хабарламаларды өшірмей, сақтап қойғаны жөн. Мұндай материалдар қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына дәлел ретінде ұсынылуы мүмкін.

Сталкинг үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі азаматтардың жеке шекарасын қорғауға және қайталанатын қудалау әрекеттерінің алдын алуға бағытталған.

Наверх