Қонаевта зейнеткер қарттар үйінде асылып қалды

2 Наурыз 2023, 10:01
1236
Бөлісу:
Қонаевта зейнеткер қарттар үйінде асылып қалды
VIDEO
Фото: Almaty.tv

Алматы облысында 76 жастағы қария суицид жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, оны аулада асылып тұрған жерінен тауып алған. Марқұм Қонаев қаласындағы арнаулы қызмет көрсету орталығында тұрған. Зейнеткердің мұндай әрекетке баруына бәзбіреулердің моральдық қысым көрсетуі себеп деген қауесет бар. Ал, полицейлер де "адам өлтіруге мәжбүрлеу бабы" бойынша іс қозғапты.

76 жастағы қарияны тауып алған қызметкерлер келген сәтте жантәсілім еткен екен. Алайда қызметкерлер қарттар үйінде қызмет алып жатқан қарт кісінің неге ондай қадамға барғаны әзірге жұмбақ екенін айтады.

Қайраты қажып, қауһары қалмаған қарт кісі өзін-өзі өлтірді дегенге кей жандар күмәнмен қарайды. Өйткені оқиға орнында түсірілген фотода марқұмның аяғы жерге тиіп тұрғандай деп таңқалады. Ал әлеуметтік орталықтың қызмет алушылары оның асылып өлгенін естімепті. Тек қайтты деген хабар ғана жеткен.

Қайтыс болған кісімен бірге Сарқанттан ауысып келгенбіз. Содан бері осындамыз, екеуміз жақсы дос болдық. Әрбір адамда жүйке жұқарады, сол сыр беріп шыдамаған болар. Мен де сондай қартпын, ешқайда шыға алмаймын, көзім көрмейді, - дейді қызмет алушы Тұрақұл Қалиев.

Ал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы қарияның қайтыс болуына қызметкерлердің қатысы жоқ деді. Оның сөзінше, Сергей Цой қатты қызғаншақ болған және осы орталықта Наталья есімді қызмет алушымен көңіл қосқанын да жасырмады. Алайда ажалға асығардай агрессиялық мінез бойында болмаған деп отыр.

Бір жылдан бері өзінен 30 жас кіші келіншекпен бірге тұрады. Есімі Хвостова Наталья. Бұл жерде ешкімнен қысым болған жоқ, координаторды шақырып сұрасаңыздар болады, - деді "Шарапат" арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Нұрғали Тортаев.

Марқұммен бірге тұрған азаматшаның сөзінше, ол ішімдіктен алыс болған. Сергей асылып қалған түні алдын ала хабарласып, өзін жақсы көретінін айтып қоштасқандай болған екен. Бірақ сол түні Наталья орталықтың ішкі тәртібін бұзғаным үшін арнайы бөлмеде қамауда болдым дейді.

Олар оны жаныма жолатпады. Ол досына шаршағанын айтқан. Барлығы не тапты?, – деді қызмет алушы Наталья Хвостова.

Марқұмның өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Ал, бұл жерге аптасына бірнеше рет келеміз деген жауапты басқарма басшылығы жағдай толық бақылауда екенін айтқан. Бірақ бақылауда болған орталықтан адам өлімінің шыққаны әзірге жұмбақ болып тұр.

Түрмеден шыққан, көше кезетіндер, үйсіз-күйсіз жүрген, мүгедек кісілер осы орталықта. Әртүрлі адамдардың жиналуына байланысты да орталықтағы атмосфераның бұзылуына алып келіп соғады. Аптасына екі рет кемі үш рет келеміз. Мәселелер қаралып жатыр, – дейді Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ержан Байқоныс.

Аталған дерек ҚР қылмыстық кодексінің 105 бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықтық құрамның белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. 105 бап ол жалпы адам өлтіруге мәжбүрлеу бабы болып саналады, - деді Облыстық ПД баспасөз хатшысы Ернар Сайдилдин.

Қонаев қаласындағы қоғам белсендісі де әлеуметтік орталықтағы тұрғындардан арыз хат жиі түсетінін жеткізді. Өйткені өзі де жиі келіп, қариялардың хәлін біліп тұрады екен.

Мүмкін жеке басының намысына тиетін сөздер айтылды. Жеке ойым, адамды асылып қалуға итермелеген мәселе бар, себебі адам қартайған сайын әр күнін бағалайды, – дейді қоғам белсендісі Лина Черказьянова.

Айта кетейік, Қонаев қаласындағы "Шарапат" арнаулы көмек көрсету орталығында 122 қызмет алушы бар екен. Орталықтағы жағдайды енді прокуратура да жіті бақылауға аламыз деп отыр.

Өзгелердің жаңалығы