"Қомақты ақша табыңыз". Депутат бірден үш министрге сауал жолдады

13 Желтоқсан 2023, 16:28
526
Бөлісу:
"Қомақты ақша табыңыз". Депутат бірден үш министрге сауал жолдады
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов бірден үш министрге интернет алаяқтыққа қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осыған қатысты сауалын Ішкі істер, Цифрлық даму және Әділет министрлеріне жолдады.

​Интернет дамыған заманда, осы арқылы жасалатын онлайн-алаяқтық та күн санап өсіп отырғанын білеміз. Интернет алаяқтарға қанша жерден тосқауыл қойылғанымен, олардың айласы асып тұрғанын көріп отырмыз. Мысалы, әртүрлі телеграм чаттар арқылы "қомақты ақша табыңыз" деп талай үйде отырған аналарды алдап жатыр, - деді депутат.

​Қасқарауов атағандай, Ішкі істер министрлігі қылмыстық істер қозғайды, бірақ алаяқтың өзін табу мүмкін болмай отыр.

Соңғы ақпараттарға сәйкес тоғыз айда елімізде 15 мың интернет алаяқтық тіркеліпті. Оның ішінде 3 мыңнан астамы ресми банктердің атын жамылып азаматтарды алдаған. Осы жерде нақты сауал туындайды. Өздерінің құрығына түсіретін алаяқтар азаматтардың жеке деректерін, телефон нөмірлерін қайдан алады?! Оларға бұл деректерді кім береді? Қанша жерден адамдардың жеке деректерін заңмен қорғап, оның таралуын шектесек те, алаяқтар тоқтар емес, - дейді Мәжіліс депутаты.

Ол айтқандай, бүгінде жеке деректердің құпиялылығы ешкімге құпия болмай тұр.

Бір ғана мысал келтірейін.  Мәселен, жақында бір танысым жеке компаниясын ашып, құжаттарын egov электронды үкіметі арқылы тіркеді. Бұл процесс ешкімнің қатысуынсыз, тек порталда жасалды. Дегенмен сол күні оған үш бірдей банктен қоңырау түсіп, арнайы есептік шот  ашыңыз деген ұсыныс түскен. Ал ертеңіне заңгерлік-бухгалтерлік қызмет көрсететін жеке компания өкілдері хабарласып, өз қызметтерін ұсынған. Ең сорақысы, енді жеке таксопарк өкілдері тынымсыз хабарласып, көлік қызметін ұсынып отыр екен. Мұның бәрі небәрі 2-3 күнде болған жағдай. Енді сұрақ – осы аталған мекемелер жаңадан серіктестік құрылғанын, оның басшысы кім екенін және кеше ғана ресми тіркелген кәсіпкердің жеке ұялы телефон нөмірін қайдан алып отыр? Бухгалтерлік компаниялар мен таксопарк өкілдерінің қолына түскен ақпарат  алаяқтарда да жоқ дегенге кепілдік бар ма? - деп сұрады Данияр Қасқарауов.

Депутат ведомство басшыларына мәселені дер кезінде шешуді ұсынды.

Жеке деректерді қорғай алмасақ, елді қалай қорғаймыз?! - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Өзгелердің жаңалығы