Қолдары күс-күс болып кеткен аналарымызға қалай салық салмақшымыз? – Депутат ауылдағы шаруалар туралы

25 Сәуір 2022, 16:28
3153
Бөлісу:
Қолдары күс-күс болып кеткен аналарымызға қалай салық салмақшымыз? – Депутат ауылдағы шаруалар туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісі депутаты Сырым Ертаев ауылда өз күндерін өздері көріп отырған халыққа салық салмай, керісінше жақсы өмір сүрулеріне жағдай жасау керегін айтты.

Ауыл – бармашызға қасиетті өлке. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға арналған. «Бағдарлама бар, елді қолдаймыз, ауылды қолдаймыз» дейміз, бірақ ішінде қарама-қайшы іс-әрекеттер де бар, - деді ол.

Осы ретте депутат жеке қосалқы шаруашылықтар проблемасын көтерді.

Ауылда 1,7 млн-нан астам жеке қосалқы шаруашылық бар. Енді Салық Кодексінің 341-бабының 1-тармағының 14) тармақшасында 282 АЕК-тен жоғары болса, яғни табыс 864 мың теңгеден асса, онда ол жеке қосалқы шаруашылық немесе кәсіпкер болуы керек, не болмаса айналымнан 10 пайыз салық төлеуі қажет. Қазір ауылдағы отандастарымыз 6 ай бойы еңбек етеді, бау-бақшасын күтеді, құрт, майын, етін сатып, күн көреді. Енді осының бәрін 864 мың теңгенің ішіне қосып қойғанбыз. Олар бағып отырған ірі қарасы мен 1-2 жылқысын сататын болса, онда табыс салығына кіріп кетеді. Ол кәсіпкер емес, тек өз ауласында жеке шаруасын айналдырып отырған тұрғын, - деп түсіндірді Сырым Ертаев.

Мәжілісмен атап өткендей, ауылда тұратын ағайынның бәрі табысты алыстан емес, өз ауласынан табады. 

864 мың теңгенің ішінде ірі қара мал, сауынды табын, жылқы, түйе, қой, ешкі, үй құстарының түрлері, тауық, жұмыртқа, картоп, сібіз, қырыққабат, сарымсақ, пияз, қызынақ, қияр, алма, алмұрт, өрік, шие, шабдалы, ет, сүт, құрт, май, жүгеріге дейін бар. Ауыл халқының мойнына тіпті иленбеген теріге дейін жүктеп қойғанбыз. Яғни ауылдық ағайын осының барлығымен айналысатын болса, онда ол табыс салығын төлеуі керек. Бұл жерде біз қарапайым шаруаны қолдап отырмыз ба, әлде қорлап жатырмыз ба? 

Сырым Ертаев ауылдағы ағайындардың басым бөлігі табысты өз ауласынан табатынын атап өтті.

Мысалы, бір үйдің ауласында 7-8 адам жұмыс істейді делік. Ол үйде үй иелері егінін егеді, сиырын сауады, оның етін алады, оны сатады. Осыдан түскен пайдамен олар өзінің бала-шағасын асырайды. Бір үйдің отбасы жұмылып, бір-бірін асырап отырған кезде олардың мойнына салық іліп қоямыз. Яғни 7-8 адам бір үйдің адамдары, ол жерде жалдамалы жұмысшы жоқ. Ауылда тұрғандар ауылдағы қыздарымыздың, апа-аналарымыздың қалай еңбек ететінін жақсы біледі. Қысы-жазы бау егеді, шөптерін отайды. Қолдары күс-күс болып кеткен аналарымызға қалай салық салмақшымыз? Оларға салық салмай, керісінше жағдай жасауымыз керек деп ойлаймын, - деп айтты.

Депутат жеке шаруа қожалықтарының жылдық айналымын 10 млн теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Ертаев оны да аз деп есептейтінін айтты. Өйткені бір жылда шаруаның 10 млн теңге табу-таппауы да екіталай.

Тапқан күннің өзінде бала-шағасының шығынына, азық-түлігі мен киім-кешегіне әрең жеткізуі де мүмкін. Халық әрең күнін көріп отырған кезде салықтан қашпай, «қара базарда» тығылып сатқызбай, ашық-жарқын өмір сүруге мүмкіндік беріп, бақытты ғұмыр кешетін, өздері үйінде өндірген тауарларын сауда орталықтарына, тіпті супермаркеттерге апарып сататын жағдайларды жасауымыз керек. Қарапайым халыққа өсуге мүмкіндік беріп, оларға шаруаларын дамытып, үлкен фермер, кәсіпкерлерге айналуына жол беруіміз керек, - деп айтты мәжілісмен.

Өзгелердің жаңалығы