Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қолданыстағы 7 салық режимінің орнына үшеуі қалады

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
25 Маусым 2025, 12:01
1132
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Мәжіліс салыққа қатысты заңдарға Сенат енгізген түзетулермен келісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар жаңа Салық кодексін екінші оқылымда Мәжіліске қайтарған болатын.

Ілеспе заң бойынша Сенат 35 позиция енгізді. Олар редакциялық және нақтылау сипатына ие, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жекелеген заңнамалық актілеріне, оның ішінде Сенат енгізген түзетулерге сәйкестікке келтіруді көздейді, - деді депутат Берік Бейсенғалиев.

Құжаттағы маңызды өзгерістер төмендегідей:

КТС (корпоративті табыс салығы): негізгі мөлшерлеме – 20%, банктер үшін 25% болады;

ҚҚС (қосылған құн салығы): негізгі мөлшерлеме 12%-дан 16%-ға өседі. Дәрі-дәрмектерге, медициналық бұйымдар мен қызметтерге жеңілдетілген мөлшерлеме: 2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан бастап 10% болады;

ҚҚС шегі: 20 мың АЕК-тен 10 мың АЕК-ке дейін төмендейді (78,6 млн теңгеден 39,3 млн теңгеге дейін);

ЖТС (жеке табыс салығы): жылдық табыс 8,5 мың АЕК-тен (33,4 млн теңге) асқанда 15% болады;

Акциз: алкоголь және темекіге акциздер өседі, энергетикалық сусындарға жаңа акциз енгізіледі;

Қымбат мүліктер: құны 75 млн теңгеден асатын көліктерге және құны 100 млн теңгеден асатын яхта мен ұшақтарға 10% акциз енгізіледі. Құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке 2% салық салынады.

Салық режимі: Қолданыстағы 7 режимнің орнына үшеуі қалады:

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін – мөлшерлеме 4% (жылдық табыс 15 млн теңгеге дейін), ЖК (жеке кәсіпкер) ретінде тіркелу талап етілмейді;

Жеңілдетілген декларация – табыс лимиті 600 мың АЕК (2,36 млрд теңге), жұмысшылар санына шектеу жоқ. Мөлшерлеме – 4%, мәслихат оны 2%-дан 6%-ға дейін өзгерте алады;

Шаруа қожалықтары мен фермалар – режим сақталады, бірақ бірыңғай жер салығының орнына ЖТС (жеке табыс салығы) енгізіледі.

Еске салсақ, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Салық кодексіне қатысты жағымды жаңалығын айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы