Қолайсыз пандустар үшін қанша айыппұл салынады? – министрлік өкілі жауап берді

9 Маусым 2023, 13:56
761
Бөлісу:
Қолайсыз пандустар үшін қанша айыппұл салынады? – министрлік өкілі жауап берді
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша салынатын айыппұл көлемі әртүрлі.

Мекемеге алдымен нұсқама береміз. Егер тапқан кемшіліктер күрделі болса, оған міндетті түрде айыппұл саламыз. Айыппұл көлемі біз келіп, тексеріп жатқан мекеменің деңгейіне байланысты. Егер ол жеке тұлға немесе лауазымды адам болса, оған 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер ірі мекеме болса, оның айыппұл көлемі 200 АЕК-ке дейін көтеріледі, - деді ол.

Айта кетейік, 2023 жылы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылымды жақсартуға, соның ішінде оларды пандустармен, бейімделген лифттермен, дәретханалармен, зағиптар үшін бағыттаушы белгілермен қамтамасыз етуге 1,7 млрд теңге қарастырылған.

Алдымен біз өзімізге перспективалық нысандарды белгілеп алдық. Олар: ауруханалар, дәріханалар, ойын-сауық орталықтары, дүкендер, - деді Төлеген Оспанқұлов.

Елімізде 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылы әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 2023 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша 9 030 объекті бейімделді.

Өзгелердің жаңалығы