Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов кейбір мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты проблеманы көтерді.
Депутат осыған қатысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.
11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы кейбір мемлекеттік органдардың қызметін сәтсіз деп атап, қоғамда әлеуметтік теңсіздік пен мүліктік жіктелуге әкеп соққанын айтты. Соған байланысты ол әлеуметтік-экономикалық саясатты қайта құрып, оның ішінде бюджеттің қосымша кіріс көздерін табу туралы тапсырма берді.«Ақ жол» фракциясы бүгінде ондай көздердің бар екенін, тек олардың қоғам үшін көрінбейтіні, ал оның ресурстары мемлекетке емес, аз ғана бір топтың мүддесіне ғана қызмет етеді деп есептейді, - деді депутат.
Айтуынша, Парламент жүйесін реформалау арқылы осы қаржы көздерін «жарыққа шығарып» және оларды халыққа қызмет еткізуге мүмкіндік бар.
Мәселе экономикамыздың 60 пайызын құрайтын, 6,5 мың заңды тұлға кіретін квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігі туралы болып отыр. Квазикәсіпорындардың жарғылық капиталы мен шығындары мемлекеттік бюджеттің миллиардтаған сомасынан құралып, тұрақты толықтырылып тұрады. Алайда олардың жұмсалуы, яғни, офистер мен көліктерді ұстау, сыйақылар мен бонустар қалай бөлінеді – барлығы қоғамға да, Парламентке де жұмбақ. Сондай-ақ олардың қандай табыс тауып және оны қалай ұстайтындарын да ешкім білмейді. Дәл осы жерде жүйелі бұзушылық орын алып, жемқорлық тамырын жаюда және мемлекет есебінен еш шектеусіз баю көзіне айналған. Шығынға белшесінен батып жатса да, менеджерлер өздеріне миллиондаған сыйақы бөліп, бүкіл халықтың мойнына жүктелетін сыртқы қарыздың қомақты бөлігін қалыптастыруда. Сондықтан квазимемлекеттік мекеменің бюджетін қоғам мен парламенттің қадағалауына қайтару – өте маңызды шара, - дейді ол.
Сөзінше, бұл жерде әңгіме елдің ауызындағы «Самұрық-Қазынада» ғана емес. «Жұт – жеті ағайынды» демекші, бұлар – Бәйтерек қоры және министрліктер мен әкімшіліктердің маңайына үймелеген «СҚ-Фармация» қоры, «Парасат» холдингі, СПК сияқты қаптаған РГП, АО және ТОО-дан аяқ алып жүру мүмкін емес.
Негізінде, СПК дегеніміз – аймақтар деңгейінде құрылған сол «Самұрық-Қазына». Олар шағын орта бизнесті қолдау үшін, әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін құрылған болатын және оларға бизнес пен мемлекет қанша қаржы шығындады. Алайда, бұл құрылымнан пайда бар ма, осыны сараптайтын кез келген сияқты. Олардың бюджеттері, шығыстары мен кірістері толығымен ашық болып, республикалық және жергілікті бюджеттерге кіргізіп, ал олардың басшылығы шығыстар мен жеткен жетістіктері туралы қоғам алдында есеп беруі тиіс. Президенттің тапсырмасына сәйкес Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардан түскен барлық таза пайда бюджетке түсуі тиіс. Қаржы қажеттілігі туындаған жағдайда мекеме басшылары Парламентке келіп, шығындардың әрбір теңгесінің шығынын дәлелдеуі керек, - деп айтты депутат Берік Дүйсенбинов.
Егер құрылғанына 5-10 жыл болған мемлекеттік компания мемлекеттен әлі де қаржы сұрайтын болса, онда ол мемлекетке емес, өз қалтасына жұмыс істегені. Мұндай компанияларды жою қажет, олардың орнына өз қаражаты есебінен жұмыс істейтін және бюджетке салық төлейтін жеке кәсіпкерлікке жол беру керек.
Екінші резервтің көзі – міндетті «жинақтаушы», «сақтандыру» немесе «мүшелік жарна» деп аталатын азаматтар мен кәсіпкерліктің шын мәнінде қосымша салықтарға айналып кеткен міндетті төлемдері. Медициналық және әлеуметтік сақтандыру қоры қаражатының тұлғасыз пайдаланылуы мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының маңайындағы жиі болатын дауларды ескерсек, осы қорларды басқару, олардың шығыстары мен сыйақылары да Парламенттің ашық талқылауы мен бақылауында болуы тиіс. Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік бюджетке барлық квазимемлекеттік мекемелердің бюджеттерінің ашықтығы бойынша арнайы тарау енгізіп, басшыларын қоғам алдында өз шығындарын дәлелдеме келтіре отырып қорғауды және жұмыс нәтижесі туралы есеп беруді міндеттеуді ұсынады, - деп айтты мәжілісмен депутаттық сауалында.