Қоғамдағы дүрбелеңді де жан-тәнімізбен сезіндік - дәрігер

16 Қаңтар 2022, 15:00
1419
Бөлісу:
Қоғамдағы дүрбелеңді де жан-тәнімізбен сезіндік - дәрігер
Фото: автордан

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. «Қаңтар қырғыны» аталып кеткен жаппай тәртіпсіздік орын алған күндері полиция, әскери қызметкерлермен бірге, дәрігерлер де тыным тапқан жоқ. 

Бұл туралы Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Жұмашев айтты. Аталған ұжымның жарақатты емдеу бағытындағы бөлімдері мамандары бірнеше күн бойы тынымсыз жұмыс істеуге тура келген. Өйткені, оқ тиіп, қатты соққыға жығылып түскендердің қатары жиі болыпты. 

Бір ғана біздің ауруханамыздың өзіне 270 азамат медициналық жедел жәрдем көлігімен жеткізілді, өздігімен келгендері де бар. Олардың 38-і осында жатқызылды. Барлығының дерлік жағдайлары жеңіл емес еді. Біздің жоғары білікті дәрігерлеріміз оларға ота жасады, қамқорлықтарына алды. Науқастарды барынша аман алып қалуға күш салдық. Бүгінгі таңда жиырма шақты адам қалды сол күндері түскендерден. Олардың да жағдайлары қалыпты деуге болады. Кезегімен үйлеріне оралады деген ойдамын. Тағы үш науқас жан сақтау бөлімінде, ауыр халде. Дәрігерлердің жіті бақылауында, - деп атап өтті Сәкен Шералханұлы.

Ал жарақат алғандардың арасында әскерилер де, полиция қызметкерлері де, тұрғындар да бар екен. 

Ол денсаулық сақтау қызметі барысында түрлі жағдайларды бастан өткеріп жататындарын да атап өтті. Небір науқастар келеді, әртүрлі тұрмыстық ахуалдан денсаулығына зақым келгендер болады. 

Бірақ дәл осы жолы ауруханада жүріп, оқ тиіп жараланған азаматтарды қабылдап, қоғамдағы дүрбелеңді де жан-тәнімізбен сезіндік. Ондағы жағдайдың оңай болмай тұрғанын түсіндік. Тіпті, Алматы қаласында екі бірдей аурухананы бүлікшілердің басып алуға әрекет жасағанын, жедел жәрдем көліктерінің жұмысына кедергі келтірілгенін ғаламтор желісінен оқып, біліп отырдық. Бұл бізді де алаңдатпай қоймады. Десе де әріптестерімізді сабырға шақырып, мүмкіндігінше тез, сауатты қимылдауға, науқастардың дертін мұқият емдеуге күш салдық. Біздің парызымыз да осы еді, - деді Сәкен Жұмашев.

Өзгелердің жаңалығы