Қоғам қайраткерлері қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Бүгiн, 01:25
190
Бөлісу:
Қоғам қайраткерлері қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Фото: BAQ.KZ - архив

Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қоғам және мәдениет қайраткерлері халқымызды ұлық мерекемен құттықтап, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Мәдениет пен тарих саласына елеулі еңбек сіңірген Баянғали Әлімжанов пен Бүркітбай Аяған Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті туралы айтып берді.

Ақын, драматург, жазушы, айтыс ақыны, жыршы-жырау, манасшы ретінде кең танылған Баянғали Әлімжанов кинорежиссер, сценарист, актер, әдебиет пен өнер зерттеушісі, сыншы, сатирик, кинодокументалисші және тележүргізуші ретінде де көп еңбек сіңірген.

Біз осы мемлекеттің азаматы ретінде, патриоты ретінде осы тәуелсіздігімізді сақтауға, нығайтуға және ілгері дамытуға қолымыздан келгенше үлес қосуымыз керек. Әрқайсымыз өзіміздің саламызда жақсы еңбек етіп, елімізді ынтымақ-бірлікке шақыруымыз керек. Басқа мәселелерде біздің көзқарасымыз, пікіріміз әртүрлі болуы мүмкін, бірақ тәуелсіздік деген ұғымға келгенде біртұтас болып тұруымыз керек. Өйткені бұл – ата-бабамыздың аманаты, - деді Баянғали Әлімжанов.

Ол бүкіл халқымызды Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен құттықтап, еліміздің тыныш, жеріміздің берекелі болуына тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Кеңесінің мүшесі, Қазақ Білім академиясының академигі Бүркітбай Аяған барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, тәу етер тәуелсіздігіміздің қасиетті жолы туралы айтып берді.

Тәуелсіздік – мен үшін өте қасиетті мейрам. Оның себебі біздің қазақ елі, алаш елі басынан талай қиыншылықты өткізген, талай жеңіске де жеткен. Кезінде бабаларымыз Еуразия орталығын билеп тұрған ел болатын. Тәуелсіздік күні мен үшін баға жетпес, зор мереке болып көрінеді. Себебі тәуелсіздікті миллиондаған қазақ армандаған болатын. Бұл мемлекетті, тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Кейбір болып жатқан қиыншылықтарға қарамастан, мемлекетімізді сынай бермей, керісінше зайырлы, демократиялық, алдыңғы қатарлы мемлекет ретінде дамуына күш салуымыз керек, - деді Бүркітбай Аяған.

Сонымен қатар Бүркітбай Ғелманұлы отандастарымыз бен шетелде жүрген қазақ азаматтарын алда келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтап, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын деген жүрекжарды тілегін білдірді.

Өзгелердің жаңалығы