Қоғам дамуының болашағы – Референдум

20 Мамыр 2022, 19:25
1613
Бөлісу:
Қоғам дамуының болашағы – Референдум

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Түркістан қаласында «Референдум: қоғам дамуының болашағы» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті. Шараны Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының қолдауымен, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Жиын қатысушылары ел дамуындағы Конституцияның рөлі мен Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның маңыздылығын талқылады.

Шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстанның қоғамдық даму институтының сарапшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қызметкерлері, сондай-ақ Zoom платформасы арқылы Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері қатысты.

Отырыс барысында, ҚҚДИ КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова өз сөзінде Ата Заңымыздың 30-дан астам бабына енгізілетін өзгерістер мен 20-дан астам қабылданатын заң еліміздің ауқымды саяси трансформациясына бағытталғандығын, сондай-ақ саяси жүйемізді түбірімен өзгертетіндігін атап өтті.

Енді жаңа парадигмаға сәйкес президенттің өкілеттілігі қысқарып, Парламент пен мслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейіп, белсенді азаматтарға саяси аренада жол ашылып, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығаймақ. Айтылған өзгерістерді тиімді жүзеге асыру үшін Конституциялық реформа қажет. Алдағы референдум Мемлекет басшысы айқындап берген «Екінші республиканың» – билік пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, тиімді және теңгерімді моделінің құқықтық негізі. Бұл өте орынды және біз жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік модельдің жаңаруын толықтай қолдаймыз, – деді Әсем Қайдарова.

Шараны Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Кузембаев ашты.

Осы жылдың 5 маусымында Референдумның өтуі жоспарлануда. Осыған орай қоғамдық штабтар құрылып, халықты кеңінен хабардар ету мақсатында барлық жерлерде кездесулер өтуде. Бұл референдум заңнама түрінде еліміздің алдағы дамуына бағыт-бағдар беретін өзгерістерге әкеледі. Сондықтан референдумға қатысу әр адамның азаматтық борышы деп есептеймін, - деді Ерлан Кузембаев.

Түркістан облысы «Ақпараттық талдау орталығы» КММ басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сейдулла Айкозов ел қолдаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасын «Жаңа Қазақстанды» құрудың тиімді бір тетігі деп түсіну керектігін айтты.

Жалпы, қай ел болмасын, өзінің Конституциясынан қуат алып, бейбіт тұрғындардың құқығы мен бостандығын сақтап отырады. Демократия деген ұғымның құнын Ата Заңы арқылы арттырады. Ал, ол құнды құжатқа ие болу – сол мемлекеттегі әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан бұл референдум Қазақстан халқының жұдырықтай жұмылып, теңқұқықты қоғамға негізделген екінші республиканы құру жолындағы маңызды қадамы болғалы тұр. Өз Отанын сүйетін әр азамат ел тарихында елелулі орын алатын бұл науқаннан тыс қалмайды деп ойлаймын, - деді доцент Сейдулла Айкозов. 

Әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ орталығының стратегиялық талдау тобының жетекшісі Ляззат Нұрқатованың пікірінше, Конституцияға енгізілген жаңа түзетулер саяси жүйенің мәнін өзгертеді және билік тармақтары арасындағы қарым-қатынас теңгерімін оңтайландырады:

Бұл биліктің бөлінуін айтарлықтай өзгертеді. Мысалы, енді Президент облыс әкімдері шешімінің күшін жоя алмайды. Бірақ бұл Президенттің әлсіреуін білдірмейді, керісінше әкімдердің жауапкершілігі артқандығын көрсетеді. Парламенттің де рөлі артады, - деді ол.

Сенат өкілдік қызметін күшейтеді, ал Мәжіліс заң шығару үдерісіне толық жауап береді. Конституцияға ұсынылып отырған түзетулер сарапшылар қауымдастығы – заңгерлер, саясаттанушылар, әлеуметтанушылардың ұсыныстары мен ұсынымдарын қамтиды. 

Қазақстанда референдумға қатысу ерікті болғанымен, мұндай сирек орын алатын саяси оқиғаға қатыспауға негіз жоқ. Ешкімнің ешкімді мәжбүрлеуге де құқығы жоқ. Референдумның негізгі қағидаттарын – оның жалпыға бірдей сипатын, жасырын дауыс беруге қатысудың тең және тікелей құқығын және жариялылығын сақтауы маңызды,- деді Ляззат Нұрқатова.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша Республикалық референдум биыл 5 маусымда өтеді.

Өзгелердің жаңалығы