Қазақстанның соңғы жаңалықтары

ҚМА: Экономикалық құқықбұзушылыққа қатысы барлар "қара тізімге" енгізіледі

Бүгiн, 17:40
173
Бөлісу:
 ҚМА
Фото: ҚМА

Қазақстанда экономикалық құқықбұзушылықтарға қатысы бар азаматтар мен ұйымдар енгізілетін арнайы тізілім іске қосылуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) осындай реестр құруды жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы тиісті бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.

Жоба құжатында жеке және заңды тұлғалардың тізілімге қандай негізде енгізілетіні, сондай-ақ қандай жағдайда ол жерден шығарылатыны нақты көрсетілген. Яғни ережеде бұл тізімге қосу мен одан алып тастау тәртібі толық реттелетін болады.

Құжат жобасына сәйкес, аталған деректер базасына экономикалық сипаттағы қылмыстық құқықбұзушылықтарға қатысы бар екені расталған адамдар мен ұйымдар енгізіледі.

Ережеде мынадай мәселелер қамтылған:

  • есепке қоюға негіз болатын себептер;
  • есептен шығару тәртібі;
  • тізілімде көрсетілетін мәліметтердің тізбесі;
  • осы ақпаратты сақтау мерзімдері.

Қаржылық мониторинг агенттігінің түсіндіруінше, мұндай реестрдің басты мақсаты – құқықбұзушылықтардың алдын алу. Яғни қоғам мен бизнеске ықтимал тәуекелдер туралы алдын ала ақпарат беру көзделіп отыр. Бұл ретте кәсіпкерлер әлеуетті серіктестерін тексеріп, сенімсіз контрагенттермен байланыс орнатудан сақтана алады.

Айта кетейік, бұл ережелерді әзірлеу 2025 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған "Құқықбұзушылықтардың профилактикасы туралы" заң нормаларына негізделген. Құжатқа қатысты қоғамдық талқылау 2026 жылғы 19 ақпанға дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы