Қиын жағдайға тап болған ақтөбеліктер қайда барып жүр?

20 Ақпан 2025, 18:31
246
Бөлісу:
Қиын жағдайға тап болған ақтөбеліктер қайда барып жүр?
PHOTO
Фото: автордан

Ақтөбедегі отбасын қолдау орталығы қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты көмек көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде елімізде отбасы құндылықтарын дәріптеу, некенің беріктігін сақтау, балаларға дұрыс тәрбие беру — өзекті мәселелердің бірі. Қазіргідей сағат сайын әлемде түрлі өзгерістер мен жағымсыз жағдайлар болып жатқан кезеңде әр отбасыға мамандардың көмегі қажет-ақ.

Отбасында ерлі-зайыптылардың арасындағы татулықты сақтауы, балаларға жан-жақты тәрбие беруі, отбасы мүшелерінің өзара түсініп, өмір сүруі көп іздену мен еңбектенуді қажет етеді. Міне, осы орайда Отбасын қолдау орталықтары қызметінің маңызы зор.

Өткен жылдың аяғында Ақтөбе қаласында ашылған Отбасын қолдау орталығының жаңа филиалы отбасылық өмірде тұрмыстық және әлеуметтік мәселелер туындап, қолдауға мұқтаж болған ерлі-зайыптыларға көмек көрсетеді. Аталған орталық биылдан бастап Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарайтын болды. Орталықтың жаңа филиалы орналасқан Есет батыр тұрғын алабында қазіргі таңда 70 мыңға жуық адам тұрады.

Қиын жағдайға тап болған ақтөбеліктер қайда барып жүр?

Орталық директорының орынбасары Жанна Дүйсенбинаның айтуынша, бұл нысанның басты маңызы мұндағы кәсіби мамандар отбасылардың әл-ауқатын жақсарту, өзара татулықта өмір сүру, қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешу бағытында жұмыс істейді.

Осыдан үш жыл бұрын Батыс-2 шағын ауданындағы «Анаға тағзым» кешенінде Отбасын қолдау орталығы ашылған болатын. Онда бүгінде білікті мамандар, атап айтсақ, заңгерлер, психологтар, медиаторлар, тігіншілер, логопедтер, тағы басқалар отбасыларға қолдау көрсетіп, әйелдерді түрлі бағытта қосымша іспен айналысуға жағдай жасап келеді. Бүгінге дейін бұл орталықтан жүздеген адам тәлім алып, түрлі курстарға қатысып, жеке кәсібін бастады. Қиын жағдайға тап болған отбасылар қиындықтарын еңсеріп, мамандардың көмегімен шаруаларын шешіп, дағдарыс кезеңдерінен өтті. Міне, осы орайда былтыр желтоқсан айында Ақтөбе қаласындағы Есет батыр шағын ауданында орталықтың жаңа филиалы ашылды. Бұл жерде де қазір біз Алматы ауданының тұрғындарына заңгерлік, психологиялық көмек көрсетіп, жаңа дүние үйренгісі келетін әйел-аналарға қолдау көрсетіп жатырмыз. Мәселен, бұл орталықта медиатор, психолог, логопед мамандар шеберлік сағаттарын өткізеді, жеке адамдармен тілдесіп, әңгімелесулер ұйымдастырады, - дейді ол.

Оның айтуынша, аумағы 670 шаршы метр болатын жаңа орталық заманауи талапқа сай жабдықталған. Мұнда асхана, психолог кабинеті, иога жасайтын бөлме, балаларға арналған кабинет, акт зал, т.б. бар. Мұнда негізінен 7 бағыт бойынша арнайы курстар өткізіліп, қатысушыларға сертификаттар беріледі. Сондай-ақ әкелер және аналар клубы жұмыс істейді. Клубқа келушілер түрлі тақырып бойынша дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, пікір алмасады, тренинг-семинарлар өткізеді.

Қиын жағдайға тап болған ақтөбеліктер қайда барып жүр?

Орталықтың психологы Марал Табынаеваның айтуынша, мұнда өмірде қиын жағдайға тап болған, отбасында зорлық-зомбылық көрген, ажырасқан азаматтар мен отбасы мүшелері, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар келіп, психологиялық көмек алады.

 Психологқа келген кезде көбіне ерлі-зайыптылардың отбасындағы келіспеушілігі, өзара тіл табыса алмауы, қарым-қатынастың төмендігі, зорлық-зомбылық көруі, бала тәрбиесіндегі қателіктер мен кемшіліктердің алдын алу, аналардың отбасындағы қаржы тапшылығынан шығуы мәселелері сөз болады. Біз мұнда келген кез келген адамға барынша көмек көрсетеміз. Психологиялық қолдауды қажет ететін азаматтар алдымен орталықтың мониторинг және талдау бөліміне өтініш береді. Содан кейін жұмыс кестесіне сәйкес біз оларды қабылдаймыз. Біз ересектер мен балаларға әңгімелесу, сұхбат жүргізу кезінде анықталған мәселесіне қарай диагоностика, кеңес беру, түзету-дамыту және профилактикалық бағытта жеке жұмыстар жүргіземіз. Қазір орталығымызда жоғары білімді үш психолог маман жұмыс істейді, - дейді ол.

Орталыққа келіп жүгінгендердің бірі — Сара Жаңабаева (аты-жөні өзгертілді – автор). Ол бірнеше жылдан бері Есет батыр тұрғын алабында тұрады. Жас келіншек отбасындағы кикілжіңнен шаршап, психологтан кеңес алуға келген. Бірнеше рет өткен әңгімелесуден соң өмірге деген көзқарасы, жолдасына деген сенімі өзгеріпті.

Қиын жағдайға тап болған ақтөбеліктер қайда барып жүр?

Отбасын құрғанымызға он шақты жыл болды. Кейде жолдасым екеуміз бір-бірімізді түсінбей, ұрысып қаламыз. Үйде болған кикілжің балаларға теріс әсер етеді. Соңғы кезде біз бір-бірімізді түсінуге талпынбаймыз. Кейде отбасымыздың шырқы бұзыла ма деп қорқамын. Сондықтан орталық ашылғанын естіп, мамандардан кеңес алуға келдім, - дейді қала тұрғыны.

Шынымен де, қазір көп отбасыда түрлі мәселелердің салдарынан ажырасулар болып жатыр. Мәселен, Ақтөбе облысында жыл басынан бері 121 ерлі-зайыпты сотпен ажырасып кеткен. Осындай жағдайлардың алдын алуда орталық мамандары қала тұрғындарына ақыл-кеңесін беріп, заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік жағынан қолдау көрсетуде.

Айта кету керек, осыдан екі жыл бұрын ашылған Отбасын қолдау орталығына осы күнге дейін 10 мыңға жуық адам жүгінген. Мұнда келетіндердің көбі — әйелдер. Олар үш түрлі мәселемен келеді. Біріншісі – әлеуметтік жағдайының нашарлауы, көп несиесі болуынан кәсіп аша алмауы, екіншісі — жолдастарының құмар ойынға, лудоманияға әуестенуі, үшінші мәселе — балаларының тілі шықпауы немесе тілінің мүкісі болуы. Осы орайда былтыр мұнда балаларға және ересектерге арналған жылдам оқу курсы ашылған.

Өзгелердің жаңалығы