"Қазынаға қол салады, бірақ гол салмайды". Иса легионерлер жайлы айтты

1 Ақпан 2024, 14:33
1783
Бөлісу:
"Қазынаға қол салады, бірақ гол салмайды". Иса легионерлер жайлы айтты
Фото: Мәжіліс

Мәжілістің комитет отырысында депутат Қазыбек Иса футболдағы легионерлер мен оған бөлінетін қаражатты қысқарту мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Спорттың 180 түрі деп айтылған. Барлық дүние салыстырмалы түрде болады. 83 млн халқы бар Германияда 18 спорт түрі бар. Бізде олардан 10 есе көп. 70 млн халқы бар Ұлыбританияда 19 спорт түрі бар. Еуропа спортты білмейді. Орталық Азияны алатын болсақ, Өзбекстанда да 17 спорт түрі бар. Олардан да 10 есе көп. Бұл қандай батпан құйрық? Жоқ, қазақта спорт қатты дамып кетті ме? 180 спорт түрі деген ақылға сыймайды, - деп айтты депутат.

Қазыбек Иса атап өткендей, бір жылда бізде футбол клубтарына 133 млрд теңге бөлінген. Оның 111 млрд-ы облыстық бюджеттен бөлінген.

Осынша қаржы бөлінген, қазақтың қазынасына қол салады, бірақ гол салмайды. Қаражат қайда кетіп жатыр? Оның барлығы легионерлерді байытуға жұмсалып жатыр. Премьер-лигадағы 374 футболистердің 150-і легионер болды. Әлемдік чемпионатқа дайындалған кезде бокс, күрес,ауыр атлетиканың үшеуін қосқандағы қаражат футболға бөлінеді. Оның 80%-ы легионерлерге жұмсалады. Осы 30 жылда салғанымыз жалғыз стадион екен. Өзбекстан футболға екі есе аз қаржы бөле отыра 10 стадион салған, - деді ол.

Исаның сөзінше, футболға кеткен қаржыны қысқарту керек.

Ұлттық спортқа көңіл бөлу керек. Былтыр күзде Астанада ұлттық спартакиада өтті. Соған келген шабандоздар қонатын үй таппай, аттарын күзетіп кетті, - деп шағымданды депутат Қазыбек Иса.

Өзгелердің жаңалығы