QazVac. Отандық медицинаның жеңісі

28 Желтоқсан 2021, 11:44
4134
Бөлісу:
QazVac. Отандық медицинаның жеңісі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия басталғалы екі жылдың ішінде Қазақстан медицинасының ең үлкен жемісі ретінде отандық вакцинаны, яғни QazVac-ты атауға болады. Дамыған елдермен терезесін тең тіреген 30 жылдық тарихы бар еліміз коронавирусқа қарсы вакцинаны ойлап тапты. Бұл қазақстандық ғалымдар мен медицинаның шарықтау шегіне жеткен кезеңі еді. Шыққанына 8 ай болған вакцинаның әзірлену тарихына көз жүгіртсек. 

QazVac қалай әзірленді?

Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында қазақстандық вакцина әзірленді. Алдымен вакцинаны әзірлеген ғылым ошағы жайлы мәлімет берсек. Ғылыми-зерттеу институты Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Гвардейский кентінде орналасқан. Ол Қорғаныс министрлігінің Отар әскери базасының аймағына кіреді.

Институт 1958 жылы құрылған. Оның қалыптасуы мен дамуы екі кезеңнен тұрады.

1992 жылға дейін институт КСРО АШМ құрамында болды. Қазір ол Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетіне қарайды.

Микроағзалар коллекциясы зертханасының меңгершісі Қуандық Жүгінісов институт құрылғаннан бері инфекциялардың штамдарын сақтаумен айналысатынын айтты.

2020 жылы коронавирус анықталған кезде зертханаға көптеген құрал-жабдық алынды. Оның ішінде аса қауіпті аурулардың штамдарымен жұмыс істеуге алынған биологиялық үшінші деңгейдегі шкафтар мен вирусты кептіруге арналған құрал-жабдық сатып алынды. COVID-19-ға қарсы вакцинаны әзірлеуді біздің институт әлем елдеріне қарағанда кеш бастады. Егер бізде штамм болғанда вакцина жасауға бірден кірісетін едік, - дейді Жүгінісов.

Маман айтқандай, былтыр барлығы карантинге жабылып, ел «соғыс жағдайында» өмір сүруге көшкенде, ол Алматыға барып биоматериалды институтқа өзі жеткізген.

Індет пайда болғанда бізге вакцина әзірлеу тапсырмасы берілді. Ал біздің қолымызда штамм болған жоқ. Сол күні түнгі 2-де зертхана директоры хабарласып, Алматыға барып, штамм бөлу үшін клиникалық материалдар алып келуім қажет екенін айтты. Сол мезетте өзімді соғыс жағдайында тұрғандай сезіндім. Себебі ол үлкен жауапкершілік еді.Біз әрі-бері жүріп, қаланың блок-бекетінен өтіп, клиникалық материалға қол жеткіздік. Ауырған адамдардың мұрнынан, аузынан алынған вирусы бар материалды жинадық. Оны тасымалдау бойынша халықаралық талаптар бар. Біз сол бойынша оны институтқа жеткіздік, ал комиссия қабылдап алды. Штамды бөліп алу үшін патологиялық материалды ашу керек. Бұрын-соңды ондай жағдайды көрмеген едік. Неше түрлі ой келді, біз үшін ол жарылатын бомбадай көрінді. Оны жұқтырып алуымыз да мүмкін еді. BSL-3 зертханасында биологиялық материалды бөліп алдық, - дейді Қуандық Жүгінісов.

Вакцинаны әзірлеудің алғашқы кезеңі – вирус жасушасын көбейту. Жасушалар биотехнологиясы зертханасының меңгерушісі Азиз Наханов вакцина жасаудың алғашқы кезеңімен таныстырды.

Біздің институтта әзірленетін барлық вакцина жасушалы биотехнология зертханасында әзірленеді. Оның ішінде коронавирусқа қарсы вакцина да бар. Бұл лабораторияда вирустың жасушасын көбейту жүзеге асырылады. «Верос» WHO жасушасы вакцинаға қосуға арналған әлем бойынша дұрыс деп табылған материал. Вирус жасушаларын өсіретін арнайы бокстар бар. Жасушаны өсіру үшін +37 градус қажет. Сондықтан бөлменің ауа температурасы үнемі ыстық болып тұрады, - деді ол.

Зертхананың меңгерушісі атағандай, жасуша Африкадағы маймылдың бүйрегінен алынған.

Оларды ыдыратып, бөліп сақтау жүзеге асырылады. Олар сұйық азоттың ішінде тұрса, жылдар бойы өлмейді. Вирустар өзге микробтар мен бактериялар сияқты кез келген денеде өспейді. Оларға тірі организм керек. Қазір заманауи қондырғылар алып жатырмыз. Жасушалар санын көбейту үшін арнайы құралдар бар, - деді Әзиз Наханов.

Маманның айтуынша, бұл жасушалар нарықта сатылады. Оның құны 600-700 еуроны құрайды.

Ол әзірленген соң дайын вакцинаның тәжірибелік сериясын осы ғылыми-тәжірибелік клиникаға сынақ жүргізуге алып келді. Яғни адамдарға дейінгі зерттеу сынақтары жануарларға жүргізілді. Олар: ақ тышқандар, атжалмандар, егеуқұйрық, макак-резус маймылдары. Осы клиникада әзірленген вакцинаның қауіпсіздігін тексеру керек. Себебі ол - жаңа вакцина. Біз оны атжалмандар мен ақ тышқандарға енгіздік. Оларды 14 күн бойы бақылауда ұстадық. Олар тірі болған соң, адам организміне жақындау деген макакаларға иммуногендігін тексердік, -Технологияларды және биопрепараттарды бақылау зертханасының меңгерушісі Айнұр Нұрпейісова.

Нұрпейісова айтқандай, одан кейінгі нәтижелер бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық дәрілік зерттеуді сараптау зертханасы зерттеуді жалғастырды.

Олар бір адамға 0,5 мл доза енгізу керек болса, одан он есе көп дозаны тышқандар мен атжалмандарға екті. Ол вакцинаның қауіпсіздігін тексеру үшін жүзеге асырылды. Оның нәтижесі бойынша да жануарлар тірі қалды. Жағдайлары жақсы болды. Әрине вакцина организмге таныс емес болғандықтан, алғашқы 3 күнде мазасыздық байқалды. Салмақтары азайды. Бірақ 14 күн ішінде олар қалпына қайта келді. Содан кейін вакцина жаппай өндіріске шығаруға жіберілді, - деді ол.

Вакцина әзірлеушілерінің бірі, профессор Леспек Құтымбетов вакцина BSL-3 зертханасында дайындалғанын айтты.

Бұл аса қауіпті инфекциялар зертханасы болып табылады. Бұл - қызметкерлерге індетті жұқтырмау мүмкіндігі бойынша жұмыс істеуге рұқсат беретін үшінші деңгейдегі қауіпсіздік нысаны. Вакцинаның тиімділігі жоғары әрі қауіпсіз болып табылады. Вакцина ектірген адамдардың иммунитеті төмен болып жұқтырған жағдайда да ауру жеңіл түрде өтеді. Қазір оның тиімділігі 98 пайызды құрайды, - деді Құтымбетов.

Байқағаныңыздай, қазақстандық вакцинаны әзірлеу үшін білікті мамандар тәулік бойы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде қазақстандық ғылымның жеңісі отандық вакцина әзірленді. Осыдан сайып келе елімізде ғылым дамымаған деп айтуға бола ма? Әрине, жоқ. Тек ғылымға көрсетілетін қолдау ақсап тұр. 

QazVac - халал

 

Дін қызметкері Ержан Есім бірде-бір дәстүрлі дінде вакциналануға тыйым салынбаған, керісінше, денсаулықты сақтауға деген кез келген ұмтылыс қолдау табатынын айтты.

Біз отбасымызды коронавирустан қорғап, қамқорлық жасауға тиіспіз. Вакциналану – бұл жалғыз шешім және қазір өте маңызды. Дін әркімге өмір мен денсаулыққа дұрыс күтім жасауды және аурудың алдын алу жолдарын іздеуді міндеттейтінін есте ұстаған жөн. Вакциналар бірқатар мұсылман елдерінде қолданылады. Сондықтан уақыт жоғалтпай, халал және халал емес вакциналарды қарастыру қажет. Адамдардың өмірін құтқаратын кез келді, – дейді дін қызметкері.

Ол сондай-ақ Сауд Арабиясы билігінің шешімімен Мекке мен Мединадағы қасиетті орындарға үлкен және кіші қажылыққа қатысу үшін мұсылман қажылары коронавирусқа қарсы вакциналаудан өтуі керек екенін айтты. Бұл шешімді бүкіл әлемдегі діндарлар қолдаған.

Наиб имам QazVac қазақстандық вакцинасы халал жалпы талаптарға сәйкес сертификатын алғандығын да атап өтті.

Шетелдің мойындауы

Отандық екпені шетел де мойындай бастады. Медицина бойынша әлемдегі ең танымал, тарихы мол, абыройлы басылым – The Lancet журналы QazVac вакцинасы туралы мақала жариялады. Жарияланымда вакцинаның клиникалық зерттелуінің 1-2 фазасының нәтижелері сөз болған.

Осы орайда Күнсұлу Закарья басқаратын Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында қызмет ететін ғалымдардың еңбегінің өлшеусіз екендігі айғақ.

Жуырда Душанбеде өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық вакцинаның тиімділігін айтты.

QazVac вакцинамыз сын тезінен лайықты өтті. Клиникалық сынақтар оның тиімділігін дәлелдеді, - деді Президент.

Сондай-ақ Президент отандық вакцина туралы өз Жолдауында да айтты. 

Короновиурс денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде. Біз уақытты ұттырмай індетпен күресу іс-шараларын дереу қолға алдық. Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екендігіне еш күмән жоқ, Қазір Казвакқа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде,- деді Қазақстан Президенті. 

QazVac әзірленген институт – Қазақстан мен Орта Азияда салынған ең алғашқы зертхана. Қазір қазақстандық вакцинаға 12 мемлекет өтініш беріп, ресми хат жолдаған көрінеді. Сонымен қатар ең алғашқылардың қатарында QazVac екпесін Қырғыз Республикасы өз елдерінде тіркеді.

 

Өзгелердің жаңалығы