Қазпошта Қостанай облысына гуманитарлық көмек жеткізеді

6 Қыркүйек 2022, 17:59
991
Бөлісу:
Қазпошта Қостанай облысына гуманитарлық көмек жеткізеді

«Қазпошта» АҚ бүгіннен бастап AMANAT партиясының астаналық филиалынан, яғни, Нұр-Сұлтаннан Қостанайға, жергілікті филиалы - Қостанайдан Әулиекөл ауданына гуманитарлық көмек жеткізумен айналысады. Жүкті тасымалдау қызметі «Қазпоштаның» өз қаражатына жүзеге асырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қостанай облысы тұрғындарының басынан өтіп жатқан жағдай ешкімді де бей-жай қалдырмады. Соның ішінде Қазпошта да бар. Біз де көп ойланбастан көмекке қосылдық. Аймаққа қанша көмек қажет болады, сонша  гуманитарлық жүкті жеткізе береміз, - деді «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Серік Саудабаев.

Магистралды жүк көлігіміз елордадан Қостанайға шамамен 6 тонна жүк жеткізеді. AMANAT партиясының Қостанайдағы филиалы мен астаналықтар жинаған көмек ауыл тұрғындары эвакуацияланған орынға жеткізіледі, - деді «Қазпошта» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Жәнібек Талтеков.

Төтенше жағдай аймағында «Қазпоштаның» бірнеше бөлімшесі бар. Өрттен ғимаратқа зиян келген жоқ. Алайда, қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін Новонежинка, Аманқарағай, Лесное, Қазанбасы, Бағаналы ауылындағы филиалдар мен пошташылардың жұмысы тоқтатылды. Ондағы 10 қызметкер дер кезінде қауіпсіз жерге шығарылды. Қазір бөлімше қалыпты жұмыс істеп тұр, қызметкерлер орнында. 

Сонымен қатар, Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету бастамасына «Қазпошта» АҚ қызметкерлері қосылды. Олар азық-түлік пен ең қажетті заттарды орталықтандырылған жинау пунктіне жеткізіп, бірыңғай қор шотына ақша аударады.

Өзгелердің жаңалығы