«Қазфосфат» жұмысшыларының 7 талабы. «Бұл – ереуіл емес, еңбек дауы»

14 Сәуір 2023, 02:45
979
Бөлісу:
«Қазфосфат» жұмысшыларының 7 талабы. «Бұл – ереуіл емес, еңбек дауы»
Фото: www.youtube.com

Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде болған жағдайды тұрақтандыру бойынша арнайы құрылған комиссиямен бірқатар шара қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ Жамбыл облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Келіссөздер нәтижесінде жұмысшылардың қойған 7 талабының 6-уы қанағаттандырылды.

Жалақыны 30 мыңға көтеру маусым айында орындалмақ. Ал, «Қаратау» тау кен өңдеу кешені директоры М.Макишовты және басқаларды қызметтен босату туралы мәселе алдағы уақытта қарастырылады.

Алайда, жалақыны 21 пайызға көтеру бойынша келіспеушіліктер туындауда. Жұмысшылар жалақыны көтеруді талап еткенімен, кәсіпорын әкімшілігі тарапынан сыйақы беру ұсынылуда. Бұл тармақ бойынша «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е.Сариев серіктестік басшылығымен келісу үшін 10 күн уақыт сұрады. Бұған дейін хабарланғандай, Жаңатас қаласында орналасқан «Казфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені жұмысшыларының талаптарын зерделеу және шешу мүмкіндіктерін барынша жедел қарастыру үшін арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына әр цех жұмысшыларынан 5 өкіл және аудандық мәслихат депутаттары енді. Комиссия төрағасы болып «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е. Сариев сайланды. Айта кету керек, орын алған наразылықты ереуіл емес, еңбек дауы ретінде қарастыру маңызды. Барлық әлеуметтік желі қолданушысын тек ресми ақпаратқа сенуге, жалған ақпараттар таратпауға шақырамыз, - деп жазылған облыс әкімдігінің ресми хабарламасында.

Қазіргі таңда Сарысу ауданындағы «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде жағдай тұрақты.

Айта кетейік, кеше 13 сәуірде «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің цех жұмысшылары жиналып, нарзылықтарын білдірді. 150-ге жуық жұмысшы бұған дейін қойылған және өзге де талаптардың орындалу барысын сұрады.

Өзгелердің жаңалығы